Хабарландырулар

  • image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    ТҮРКІСТАНДА ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ СТУДЕНТТІК ТЕАТРЛАРЫ БАС ҚОСТЫ

    Бүгін Түркістанда Түркі әлемінің студенттік театр ұжымдарын бір сахнада тоғыстырған IV Халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестивалі басталды. Байқауға оқу орнымыздың студенттері де қатысып жатыр.

    Фестивальдің шымылдығын университетіміздің Өнер, медиа және дизайн факультеті «Актерлік өнер» білім беру бағдарламасының студенттері ашып берді. Болашақ актерлер жазушы Мадина Омарованың «Chanel №5» пьесасын сахналады. Қойылымның қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, аға оқытушы Мақсат Айтжанұлы.

    Ал түс қайта фестивальдің ашылу салтанаты өтті.  Оған оқу орнымыздың басшылығы, ұжымы мен студенттері де қатысты.

    Жиында университетіміздің Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор, доктор Хүсейін Караман сөз сөйлеп, өнер мерекесінің Түркістанда және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтуінің маңызына тоқталды.

    «Қожа Ахмет Ясауи бабамыз ілімін халыққа түсінікті тілмен жеткізсе, театр да сөз бен көрерменді байланыстыратын рухани көпір. Сондықтан бұл фестиваль – жай ғана өнер шарасы емес, түркі әлемінің мәдени және рухани сабақтастығын жалғастыратын маңызды басқосу.

    Сіздер – тек жас театр мамандары емес, түркі әлемінің мәдени елшілерісіздер. Осы фестиваль барысында тәжірибе алмасып, түрлі мәдениеттермен танысып, жаңа шығармашылық байланыстар орнатасыздар.

    Бес күндік өнер мерекесі сіздерге жаңа идея мен жаңа достық сыйласын. Фестивальді ұйымдастыруға қолдау көрсеткен барлық ұйымдарға алғыс білдіремін!» – деді Хүсейін Караман.

    Өз кезегінде сөз алған университет ректоры Жанар Темірбекова:«Бүгінгі фестиваль – түркі әлемінің жастарын өнер арқылы біріктіретін маңызды жоба. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті құрылған күннен бастап түркі әлемінің жастарына сапалы білім беріп, оларды жақындастыратын көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді.

    Түркістанда әншілердің, бишілердің, ғалымдар мен ақындардың басын қосқан түрлі фестивальдер өтіп келеді. Бүгін сол игі бастамалардың жалғасы ретінде театр фестивалі өз шымылдығын ашып отыр.

    Сүйікті студенттер, бұл фестиваль – сіздер үшін. Біз сіздердің араларыңыздан түркі әлеміне жаңа ой тастайтын, шығармашылығымен әлемді өзгерте алатын мықты мамандар шыққанын қалаймыз. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты – мен жастарға сенемін!», - деп қазақтың дара ақыны Мағжан Жұмабаев айтқандай, біз де сіздерге сенеміз!», – деді.

    Биылғы фестивальге Қазақстанның үш жоғары оқу орнынан, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркия университеттерінен студенттер мен профессор-оқытушылар қатысып жатыр.
    Университетіміздің студенттері үшін халықаралық театр фестивалі кәсіби тәжірибе жинақтап, сахна шеберлігін шыңдауға және түркі елдерінің жас өнерпаздарымен шығармашылық байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

    Алдағы күндері олар фестивальдің шығармашылық бағдарламаларына қатысып, өзге елдерден келген жас өнерпаздармен тәжірибе алмасады.

    Айта кетейік, халықаралық өнер мерекесі 5–8 қазан аралығында Түркістан қаласында өтеді.