Хабарландырулар

  • image image image image
  • shape
    shape
    Жаңалықтар
    Blog Image

    МҰСТАФА КЕМАЛ АТАТҮРІКТІ ЕСКЕ АЛУ ШАРАСЫ ӨТТІ

    Университетімізде жылдағы дәстүрге сай Түркия Республикасының негізін қалаушы, реформатор Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу шарасы өтті.

    Жиын ректор өкілі Пейами Баттал мен Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегеновтің Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алды.

    Ұлт көшбасшысы және республика құру жолында жанын пида еткен барлық шейіттер құрметіне екі минуттық үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия Республикасының әнұраны шырқалды.

    Алғашқы сөз тізгінін алған ректор өкілі Пейами Баттал: «Бүгін біз Түркия Республикасының негізін қалаушы, ұлы мемлекет қайраткері Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің дүниеден өткеніне 88 жыл толуына орай оны еске алып, рухына тағзым ету үшін жиналып отырмыз. Оның жарқын бейнесін терең құрметпен, шексіз алғыспен және сағынышпен еске аламыз.

    10 қараша – тек аза тұту күні ғана емес. Бұл – Ататүріктің идеялары мен мұратын, бізге аманат еткен Республика құндылықтарын қайта зерделеп, терең түсінетін күн. Ататүрік азаттық жолындағы күресі арқылы халқына қайта үміт сыйлап, ақыл-ойға, ғылымға, білімге және жаңғыруға негізделген болашақтың нақты бағдарын қалыптастырды»,-деді.

    Сонымен қатар, Ататүріктің білім мен ғылымды дамытуға басымдық бергенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты сапалы білім мен ғылыми жетістіктер арқылы жалғастыру маңызды екенін жеткізді.

    Келесі кезекте, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Әр мемлекеттің тәуелсіздік тарихында оның негізін қалаған айрықша тұлғалар болады. Түркия Республикасы үшін осындай тарихи тұлға – Мұстафа Кемал Ататүрік. Оның тарихтағы орны Түркия үшін де, Қазақстан үшін де ерекше. Себебі алмағайып заманда мемлекетті сақтап қалу, оны одан әрі дамытып, әлемнің алпауыт мемлекеттерімен терезесі тең елдер қатарына қосу – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап етті. Міне, осындай күрделі кезеңде Ататүрік түрік халқын бір мақсатқа жұмылдырып, мемлекеттің берік негізін қалады.

    Алдағы уақытта түркі мемлекеттері арасындағы достық пен ынтымақтастық одан әрі нығайып, дами түседі деп сенеміз. Ататүрік сынды тарихи тұлғалардың асқақ армандарын жүзеге асырып, мемлекеттерімізді одан әрі өркендету – баршамызға ортақ міндет»,-деді.

    Сондай-ақ, Түркияның тәуелсіздік жолындағы күресі қазақ халқы үшін де маңызды болғанын атап өтті. Осы ретте қазақтың көрнекті ақыны, Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың Ататүрік бастаған түрік халқының ұлт-азаттық қозғалысына арнап жазған «Алыстағы бауырыма» өлеңін мысалға келтіріп, оның қазақ халқының бауырлас түрік жұртына деген жанашырлығы мен достық пейілін танытатынын тілге тиек етті.

    Шара соңында Мұстафа Кемал Ататүрік туралы бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар батыр рухына тағзым етті.