Хабарландырулар

  • image image image image
  • shape
    shape
    Жаңалықтар
    Blog Image

    «ЗАҢ МЕН ТӘРТІП – ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ НЕГІЗІ»: УНИВЕРСИТЕТТЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

    Бүгін университетімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастыруымен «Заң мен тәртіп – әділетті және құқықтық қоғамның негізі» тақырыбында республикалық конференция өтті.

    Конференцияның мақсаты – заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылау және қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру.

    Жиынға Түркістан облысының әкімінің орынбасары Еркебұлан Даулыбаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Сәлімбай Шүнеев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов, мемлекет қайраткері, генерал-майор Сейтжан Қойбақов, заң ғылымдарының докторы, профессор Есберген Алауханов пен  университет ұжымы мен студенттер қатысты.

    Шараның модераторы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Сәлімбай Шүнеев болды.

    Конференцияны ашып беру үшін алғашқы сөз кезегін алған ректор Жанар Темірбекова:

    «Заң мен тәртіп – қоғам дамуының негізгі тірегі. Заңдардың қалыптасуының өзіндік тарихи эволюциясы бар. Қазақ халқының «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты құқықтық дәстүрлері ата-бабаларымыздың қоғамды жазылмаған заңдар мен ортақ тәртіп негізінде басқарғанын көрсетеді.

    Бүгінде біз заң мен тәртіпті сырттан келген ұғым ретінде емес, ата-бабамыздан қалған құқықтық мұраның жалғасы ретінде қарастыруымыз керек. Әсіресе, жастар әр кезеңдегі құқықтық дәстүрлерді терең меңгеріп, қазіргі заман талаптарына сай әділетті қоғам құруға өз үлесін қосуы қажет. Әрқайсысы «Мен қоғамда заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін не істей аламын?» деген сұраққа жауап бере алуы тиіс. Бұл ұстаным күнделікті өмірде, болашақ кәсіби қызметте де көрініс табуы керек»,–деді.

    Келесі кезекте сөз сөйлеген ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіптің әділетті қоғам қалыптастырудағы маңызына тоқталды. Ол «Адал азамат» ұстанымын жастардың күнделікті өміріне енгізу, білімге жауапкершілікпен қарау, өзгенің еңбегін бағалау және цифрлық ортада құқықтық мәдениетті сақтау қажет екенін атап өтті.

    Жастарға қай салада еңбек етсе де, адалдықты басты ұстаным етіп, кәсіби білімін қоғам игілігіне жұмсауға шақырды. Сонымен қатар, аға буынның міндеті – тәжірибесін бөлісіп, елге қызмет етудің үлгісін көрсету болса, жас ұрпақтың міндеті осы аманатты біліммен, жаңашылдықпен және жауапкершілікпен жалғастыру екенін жеткізді.

    Жиын барысында сала ардагерлері баяндама оқып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметтегі адалдық, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелерін ортаға салды.

    Сонымен қатар, конференцияда университет кітапханасына Әділ Шаяхметов, Сейтжан Қойбақов және Есберген Алаухановтың кітаптары сыйға тартылды.

    Жиынның соңында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің құттықтау сөзін облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Даулыбаев жеткізді. Облыс әкімінің құттықтау сөзінде: «Біз заң мен тәртіп қағидаттарын нығайтып, әділетті әрі сыбайлас жемқорлықтан ада қоғам қалыптастыруға күш салуымыз керек. Осы мақсатта облыста 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы жүзеге асырылуда. Жастар арасындағы құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, буллинг пен өзге де келеңсіз әрекеттердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Нәтижесінде өңірде құқықбұзушылық көрсеткіштері төмендеп, профилактикалық шаралар өз нәтижесін беріп жатыр.

    Ертеңгі болашақ – сіздердің қолдарыңызда. Ал сол болашақтың берік болуы бүгінгі таңдаған жолдарыңыз бен ұстанымдарыңызға байланысты. Құқық қорғау саласының ардагерлерінен үлгі алып, заң мен тәртіпті сақтайтын, елге адал қызмет ететін отаншыл ұрпақ болыңыздар. Заң үстемдік құрған жерде әділдік, тәртіп орнаған жерде тұрақтылық болады»,–деді.

    Конференция барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту мәселелерін талқылап, студенттердің сұрақтарына жауап берді.

    Сонымен қатар, конференция аясында оқу ордамыз бен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлерінің Қазақстандық ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі өзара ынтымақтастық туралы меморандум түзді.

    Меморандумның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» саясатын іске асыруға жәрдемдесу, тәлімгерлік пен ұрпақтар сабақтастығын дамыту, жастардың белсенді азаматтық ұстанымын, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасын және заңнамаға құрметпен қарауын қалыптастыру.

    Аталған келісімге ректор  Жанар Темірбекова мен  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары ардагерлері кеңесінің төрағасы Сәлімбай Шүнеев қол қойды.

    Ынтымақтастық аясында тараптар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен мемлекеттік қызмет этикасы бойынша дәрістер өткізу, бірлескен ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастыру, жастардың әлеуметтік бастамаларын қолдау және тәжірибе алмасу бағыттарын жүзеге асырады.

    Аталған конференция мен келісім тараптар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жастардың құқықтық мәдениетін дамытуға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қоғамда заң мен тәртіп қағидаттарын орнықтыруға бағытталған бірлескен жұмыстарға негіз болмақ.