ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ МҰРАСЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СИМПОЗИУМ ӨТТІ
Университетімізде «II Халықаралық Түркі әлемінің мәдени мұрасы және оның сабақтастығы» атты халықаралық симпозиум өтті. Ауқымды ғылыми жиынды оқу ордамыз бен Түркия Республикасының Памуккале университеті бірлесе ұйымдастырды.
Симпозиумға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Моңғолия, Венгрия, Чехия, АҚШ, Германия және Иордания елдерінің ғалымдары мен зерттеушілері қатысты.
Басты мақсат – түркі әлемінің бай мәдени мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеу, тарихи-рухани құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын зерттеу, ортақ мәдени және ғылыми байланыстарды нығайту, сондай-ақ осы бағыттағы халықаралық ғылыми тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау.
Жиында сөз бастаған Памуккале университетінің ректоры, профессор доктор Махмут Гүнгор: «Ұлттың қуаты – өзінің құндылықтарын сақтап, оны келер ұрпаққа аманаттай білуінде. Біз – Орхон жазбаларынан бастап «Диуани лұғат ат-түрікке», «Құтты білік» пен «Қорқыт ата кітабына», «Манас» эпосы мен Қожа Ахмет Ясауи хикметтеріне дейін жалғасқан ұлы өркениеттің ұрпағымыз, мұрагеріміз. Біздің ортақ мұрамыздың негізінде тіліміз, дініміз, өнеріміз, әдебиетіміз, салт-дәстүріміз және адамды басты орынға қоятын өркениеттік ұстанымымыз жатыр. Тамырынан ажыраған, өз болмысынан қол үзген ұрпақтың болашаққа сеніммен қадам басуы мүмкін емес.
Бүгінде әлем үлкен өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Осындай заманда адамның өз болмысын, ұлттық бірегейлігін және құндылықтарын сақтай білуі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Әсіресе, түркі әлеміндегі барлық жоғары оқу орындарының алдында маңызды міндеттер тұр. Біз өткеннің мол мұрасын ғылыми әдістер арқылы зерттеп, мәдени құндылықтарымызды жүйелі түрде тіркеуге алып, цифрлық дәуірдің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, келер ұрпаққа жеткізуіміз қажет»,-деді.
Сондай-ақ, жасанды интеллект, цифрлық мұрағаттау, мәдени туризм және академиялық зерттеулер бағыттарында ортақ бастамаларды қолға алудың маңызын атап өтті. Осы ретте университетіміздің тарихи-мәдени мұрасын таныстыру бағытындағы жұмыстарына жоғары баға беріп, ректор мен университет ұжымына алғыс айтты.
Келесі кезекте, ректор Жанар Темірбекова: «Жалпы, мәдени мұра дегеніміз не? Біз оны не үшін сақтаймыз? Неліктен оған осыншама көп көңіл бөлеміз? Бұл мәселеге тек Қазақстан немесе түркі әлемі ғана емес, бүкіл дүниежүзі назар аударады. Әлемде ЮНЕСКО атты үлкен ұйым бар. Осы ұйым аясында әрбір елдің ұлттық комиссиялары жұмыс істейді. Олар өз елдеріндегі ең құнды дүниелер мен тарихи жәдігерлерді ЮНЕСКО тізіміне енгізуге күш салады. Себебі, адамзат тарихында әрбір ел мен халықтың әлемдік мәдениет пен өркениетке қосқан өзіндік үлесі бар.
Ал түркі өркениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі қандай? Бұл сұраққа әрқайсыңыз өздеріңіз білім алып жатқан сала тұрғысынан жауап бере аласыздар. Өйткені түркі халықтарының мәдени мұрасы өте бай. Оған алтын мен темір өндіру, даладағы жабайы жылқыны қолға үйрету сияқты адамзат өркениетіне қосылған тарихи жаңалықтар, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы жетістіктер, сондай-ақ мәдениет пен музыка саласындағы құндылықтар жатады. Алайда осы байлықты зерттеп, оны дұрыс түсініп, насихаттап, қазіргі заманға бейімдеу өте маңызды»,-деді.
Сонымен қатар, ректор Анкарада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде түркі елдерінің ортақ тарих пен мәдени мұраны зерттеумен қатар, экономика, туризм, құрылыс және өзге де маңызды салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері көтерілгенін жеткізді. Әсіресе, жасанды интеллект дәуірінде жаңа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет екенін атап өтіп, симпозиум қатысушыларына сәттілік тіледі.
Ректор өкілі Пейами Баттал сөз басында мазмұнды ғылыми басқосуды жоғары деңгейде өткізуге қосқан үлесі үшін оқу ордамыз бен Памуккале университетінің ұйымдастыру комитеттеріне алғыс білдірді. Сондай-ақ, түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
«Мәдени мұра дегеніміз – тек өткен дәуірден қалған жәдігерлер ғана емес. Ол – тіліміз, жадымыз, тарихымыз, әуеніміз, өнеріміз, сеніміміз, құндылықтарымыз және бізді біртұтас етіп біріктіретін ортақ рухымыз. Ең бастысы, мәдени мұра – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз.
Біз – өткеннің мұрагерлері ғана емес, болашақтың аманатын арқалаушылармыз. Бүгінгі симпозиумның мақсаты – Махмұд Қашқариден Қорқыт атаға, Жүсіп Баласағұниден Қожа Ахмет Ясауиге, Мағжан Жұмабаевтан бүгінгі ғылым мен мәдениет өкілдеріне дейін жалғасқан ұлы мәдени сабақтастықтың үзілген буындарын қайта жалғау. Осы рухани сабақтастық тізбегінің келесі буындарын бірге қалыптастырамыз деп сенемін», – деді ректор өкілі.
Салтанатты ашылу рәсімі Пленарлық отырысқа ұласты. Онда түркі әлеміндегі гастрономиялық туризм, ортақ түркі мәдени жадының көркем әдебиеттегі көрінісі, Семей қаласындағы татар қонысының тарихи-мәдени маңызы, өзбек тілінен ағылшын тіліне аударма мәселелері және қырғыз тіліндегі діни терминдердің қалыптасуына түркі, парсы, араб тілдерінің ықпалы сияқты өзге де мәселелер қарастырылды.
Түстен кейін ғылыми бағдарлама 6 секция бойынша жалғасты. Зерттеушілер түркі халықтарындағы табу мен тыйым сөздер, цифрлық дәуірдегі ұлттық тәрбие, «Жеті ата» дәстүрінің білім беру жүйесіндегі орны, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыс, түркі халықтарының эпостары мен ұлттық дәстүрлері туралы баяндамалар оқыды.
Сонымен қатар, жасанды интеллект көмегімен аударма жасау ерекшеліктері, түркі тілдеріндегі мәдени және морфологиялық айырмашылықтар, тарихи кезеңдердегі әдебиет пен тілдің дамуы, түркі-ислам әлеміндегі діни және мәдени мұра, туризмнің мәдениетаралық диалогты қалыптастырудағы рөлі де ғылыми талқыға түсті.
Жиын аясында ғалымдар мен зерттеушілер баяндамаларын офлайн және онлайн форматта ұсынып, өзекті ғылыми мәселелер бойынша пікір алмасты.
Осылайша, симпозиум түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын тереңірек зерделеуге, ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және тарихи-рухани құндылықтардың сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды халықаралық ғылыми алаңға айналды.
ІШКІ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚҚА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ!
СЫРТҚЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚҚА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ!
# 21. Ғылыми жобалар аясындағы сатып алуларға арналған хабарландыру
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Әлеуметтік-мәдени жұмыстарды ұйымдастыру және психологиялық қолдау көрсету бөлімі конкурс жариялайды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шаруашылық департаменті конкурс жариялайды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ботаникалық бақ ҒЗИ конкурс жариялайды
I БАКУ ТҮРКОЛОГИЯ КОНГРЕСІНІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАС ТҮРКОЛОГТАР КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ ҒЫЛЫМИ-САЛЫСТЫРМАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖӘНЕ ӘДІСНАМА КОНФЕРЕНЦИЯСЫ 