УНИВЕРСИТЕТ ҒАЛЫМДАРЫ COP31 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЛИМАТ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСУДА
Оқу орнымыздың ғалымдары Түркияның Анталия қаласында өтіп жатқан БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясына – COP31-ге қатысуда. Университет конференция аясындағы бірқатар халықаралық сессияны ұйымдастырып, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл, биоалуантүрлілікті сақтау, жасыл экономика және климаттық білім беру бағытындағы ғылыми бастамаларын таныстырып жатыр.
20 қарашаға дейін Анталия EXPO орталығында өтетін COP31 – климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимыл жөніндегі шешімдер қабылданатын басты халықаралық алаңға айналмақ. Жиынға мемлекет басшылары мен үкімет өкілдері, халықаралық ұйымдар, ғалымдар, жастар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері қатысып жатыр. Конференцияда жаһандық температура өсімін тежеу, климаттың өзгеруіне бейімделу, осал қауымдастықтарды қорғау және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мәселелері қарастырылады.
Конференция аясында Ахмет Ясауи университеті Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымымен (ICESCO) бірлесіп бірнеше тақырыптық сессия ұйымдастырды.
12 қарашада Марокко павильонында «Биоалуантүрлілік, жерді қалпына келтіру және климаттық іс-қимылдың практикалық жолдары: климатқа төзімділікті арттыру үшін табиғатқа негізделген шешімдерді қаржыландыру және кеңінен енгізу» тақырыбындағы панельдік сессия өтті.
Жиында университетіміздің Ботаникалық бақ ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD Әйгерім Бәкірова баяндама жасады. Ғалым экожүйелерді қалпына келтіру жобаларында сапалы мониторинг жүргізудің маңызына тоқталды.
Әйгерім Бәкірова тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін спутниктік бақылау деректерін, далалық зерттеулер нәтижелерін және жергілікті қауымдастықтардың тәжірибесін кешенді түрде пайдалану қажеттігін атап өтті. Мұндай тәсіл табиғи аумақтардағы өзгерістерді нақты бағалауға, жобалардың тиімділігін арттыруға және ғылыми негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
13 қарашада Катар павильонында «Жасыл экономикаға көшуді басқару: капитал мен қажетті жеткізу тізбектеріндегі технологиялар, тұрақтылық және мемлекеттік саясат» тақырыбындағы сессия ұйымдастырылды.
Сессияда университеттің Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығының директоры, PhD Тулкинжон Гайпов баяндама жасады. Ол жасыл экономикаға көшу үдерісіндегі технологиялық жаңғырту, тұрақты жеткізу тізбектерін қалыптастыру және мемлекеттік саясаттың үйлестіруші рөлі туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ экономикалық даму мен экологиялық жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау, инновациялық шешімдерді өндіріс пен басқару жүйесіне енгізу мәселелеріне назар аударды.
Ал Халықаралық қатынастар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлеже Шенел «Жас климат көшбасшыларының форумы» аясында баяндама жасайды. Ол Жаһандық Оңтүстік елдеріндегі жастардың климаттық көшбасшылық дағдыларын дамыту, олардың бастамаларын қаржыландыру және халықаралық серіктестік мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне тоқталады.
Конференция бағдарламасы аясында университет өкілдерінің қатысуымен өтетін сессиялар алдағы күндері де жалғасады.
14 қарашада Түркия Жоғары білім кеңесінің павильонында Ахмет Ясауи университетінің ұйымдастыруымен «Климаттың өзгеруіне қарсы күреске бағытталған білім беру: білім, құндылықтар және адам капиталы» тақырыбындағы сессия өтеді. Гүлеже Шенел жүргізетін кездесуде климаттық сауаттылықты арттыру, экология құндылықтарын қалыптастыру және жасыл экономиканың талаптарына сай мамандар даярлау мәселелері қарастырылады.
Айта кетейік, ICESCO-ның COP31 бағдарламасы климатқа төзімді қалаларды дамыту, жаңартылатын энергияны пайдалану, төмен көміртекті экономикаға көшу, табиғи ресурстарды тиімді басқару және жастарды климаттық іс-қимылдарға тарту бағыттарын қамтиды. Ұйым конференцияға 80-ге жуық сарапшы қатысатын 20-дан астам іс-шара әзірлеген.
ІШКІ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚҚА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ!
СЫРТҚЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚҚА ТІРКЕЛУ БАСТАЛДЫ!
# 21. Ғылыми жобалар аясындағы сатып алуларға арналған хабарландыру
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Әлеуметтік-мәдени жұмыстарды ұйымдастыру және психологиялық қолдау көрсету бөлімі конкурс жариялайды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Шаруашылық департаменті конкурс жариялайды
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Ботаникалық бақ ҒЗИ конкурс жариялайды
I БАКУ ТҮРКОЛОГИЯ КОНГРЕСІНІҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН V ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАС ТҮРКОЛОГТАР КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕГІ ҒЫЛЫМИ-САЛЫСТЫРМАЛЫ ЗЕРТТЕУЛЕР ЖӘНЕ ӘДІСНАМА КОНФЕРЕНЦИЯСЫ 