Хабарландырулар

  • image image image image
  • shape
    shape
    Жаңалықтар
    Blog Image

    ЖАҺАНДЫҚ БІЛІМ БЕРУ КЕҢІСТІГІ: ЯСАУИ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСШЫЛЫҒЫ АЛҚАЛЫ ЖИЫНҒА ҚАТЫСТЫ

    Астана қаласында өтіп жатқан ІІІ Стратегиялық серіктестер форумына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, жоғары білім мен ғылымды дамытудың басым бағыттары, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың маңызы туралы сөз сөйледі. Бүгінгі алқалы жиынға оқу орнымыздың Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Хусейн Караман мен ректор Жанар Темірбекова арнайы қатысты.

    Кеше басталған халықаралық форумды Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды. Екі күнге жоспарланған маңызды басқосу жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, халықаралық әріптестікті нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

    Форумға министрлер, елшілер, халықаралық білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстанда филиалдарын ашқан шетелдік жоғары оқу орындарының ректорлары мен басшылық құрам өкілдері жиналды.

    Университет басшылығы «Инновация, сапа және жаһандық әріптестік арқылы жоғары білім беруді трансформациялау» тақырыбын арқау еткен халықаралық басқосуға қатысты.

    Алқалы жиында жоғары білім беру жүйесін дамыту, трансұлттық білім беру үлгілері, халықаралық академиялық ынтымақтастық, қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламалары, білім сапасын қамтамасыз ету, студенттер мен ғалымдардың академиялық ұтқырлығы мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Қазақстанның өңірлік жоғары білім және ғылым орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық басымдықтар қарастырылды.

    Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен білімнің жаһандық өркениет дамуындағы айрықша рөліне тоқталды. Президент халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың маңызын атап өтіп, қазіргі тұрақсыздық пен белгісіздік жағдайында әлемдік университеттер қауымдастығының өзекті мәселелер бойынша ортақ ұстаным қалыптастыруы қажет екенін жеткізді.

    Сондай-ақ цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірінде ғылым жетістіктерді адамзат игілігіне жарату, елдер арасындағы ғылыми байланыстарды дамыту және жоғары білім беру әлеуетін арттыру мәселелеріне назар аударды.

    Университет басшылығы форум аясындағы пленарлық отырыстар мен тақырыптық кездесулерге қатысып, жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық әріптестікті нығайту, академиялық ықпалдастықты кеңейту және білім беру саласындағы бірлескен бастамаларды дамыту бағытында пікір алмасты.

    Аталған форум халықаралық жоғары білім кеңістігіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге және университеттер арасындағы тәжірибе алмасуды дамытуға мүмкіндік берді.