• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    ТЕРРОРИЗМГЕ ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ: УНИВЕРСИТЕТТЕ САЛА МАМАНДАРЫ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗДІ

    Бүгін оқу ордамызда Террористік тұрғыда осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыруға қойылатын талаптар мен салалық нұсқаулықтарды түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

    Айта кетейік, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 2024 жылы 4 қазанда №476 бұйрығымен Ғылым және жоғары білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөнінде нұсқаулығы әзірленген.

    Осыған сәйкес, университетімізде техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар және терроризм актісін жасау қаупі туындаған кезде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, оқытушы-профессорлар құрамы, студенттердің іс-қиыл Алгоритмі дайындалған. Осы қауіпсіздік нұсқаулықтарын таныстыру мақсатында тиісті құзырлы мемлекеттік органдардан топ құрамы жиын өткізді.

    Іс-шара модераторы – Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов болды.

    Ал, жиын спикерлері: ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің ТҚО бөлімінің өкілі Бексұлтан Түймебай, Түркістан облысы Терроризмге қарсы іс-қимыл  жөніндегі тобының инспекторы Ғани Байсариев, Түркістан облысының Полиция Департаменті, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Ермек Сәрсенбаев, Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Уайс Полат өз салалары бойынша тың ақпараттар берді.

    Түркістан облысының Полиция департаменті, Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Ермек Сәрсенбаев: «Терроризм – қазіргі таңдағы өте өзекті мәселе. Өздеріңіз күнделікті әлеуметтік желілерден көріп жүргендей террорлық іс-әрекеттер орын алып жүр. Мысалы, соңғы жаңалықтың бірі Алматы әуежайында ер адамның әйел адамды кепілдікке ұстауын айталық. Азаматша дер кезінде құтқарылды. Бұл қоғамдық ортада күтпеген жерден орын алған оқиғаның бір мысалы еді. Сол сияқты, қауіп-қатерлер біз ойламаған тұста орын алуы мүмкін. Сондықтан, көпшілік шоғырланған орталарда, білім ошақтары сияқты мекемелерде қауіпсіздік шараларына үлкен мән берілуі тиіс»,-деді. 

    Жиында университеттің ішкі қауіпсіздік шараларынан бастап, студенттер мен қызметкерлердің іс-қимыл алгоритмі, террорлық қауіптің алдын алу шаралары сөз болды. Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекет, алғашқы көмек шаралары талқыланды. 

    Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауаптар алды.