• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    ЕУРАЗИЯ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНДА МАҢЫЗДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

    Университет ректоры Жанар Темірбекова Алматыдағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтында Түркия Республикасы Әділет және даму партиясының төраға орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс бөлімінің басшысы және Анкара қаласына сайланған Түркия Республикасының Парламент депутаты, профессор Күршат Зорлумен кездесті. 

    Қазақстанға арнайы іс-сапармен келген Күршат Зорлу Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерімен танысып, жұмысы туралы тың ақпараттар алды.

    Ректор Жанар Темірбекова құрметті қонаққа институттың негізгі міндеттері мен мақсатын, бүгінге дейін атқарған ғылыми жобалары мен жаңалықтары жайлы баяндады.

    Еуразия ғылыми-зерттеу институтының мақсаты – экономика, қаржы, энергетика, халықаралық қатынастар, қауіпсіздік, көлік, технология, білім беру, өнер, тіл білімі, дін, философия, әлеуметтану, саясат, тарих, археология және экология саласы бойынша халықаралық деңгейде танымал ғылыми-зерттеу орталығы болу.

    Айта кетейік, институттың негізгі міндеті – жалпы Еуразия аймағына, оның ішінде түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастықтарға қатысты тың зерттеулер жүргізу және стратегиялық ұсыныстар әзірлеу. Сондай-ақ, Еуразия халықтарының, оның ішінде түркі жұрағатының ортақ мүдделері мен аймақтағы бейбітшілікті сақтауға, ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды стратегиялық ұсыныстар мен жобаларды дайындау және осы бағытта ғылыми мәліметтер дайындау.

    Ғылым саласында елеулі еңбектерімен ғалымдардың қошеметіне бөлгенген Еуразия ҒЗИ көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Атап айтар болсақ, институт пен Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінің бір топ қызметкері «Орталық Азияның тарихи географиясы» ғылыми бағдарламасы мен «Архив-2025» мемлекеттік жобасы аясында Тайваньға іссапармен барған болатын. Тайбей қаласындағы Гугун Ұлттық сарай музейі мен өзге де архивтерде жұмыс істеген ғалымдарымыз қазақ тарихында қалатын құнды мәліметтерді тапты. 

    Институт пен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты Халықаралық конференциясы өтті. Жиынға: АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Катар, Моңғолия, Ресей, Қытай, Түркия, Чехия және Орталық Азия мемлекеттерінен 45 эксперт-ғалым қатысты. 

    Кездесу барысында ректорымыз институт ғалымдары да үлкен белестерді бағындырып жүргенін атап өтті. Мысалы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған, Жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру конкурсының нәтижесінде PhD Ильясова-Шенфельд Арай Қозықызы жеңіске жеткен болатын. Жоба тақырыбы: «Организация Тюркских Государств (ОТГ) как новая балансирующая организация в эпоху геополитической турбулентности», қаржысы – 60 581 980 теңгені құрайды.

    Жанар Темірбекова Еуразия ғылыми-зерттеу орталығының өткенін ғана емес, алға қойған мақсаттары мен жобалары жайлы да тілге тиек етті. 

    Осылайша, Еуразия ғылыми-зерттеу институтында Түркия Республикасынан келген Күршат Зорлумен түркі әлемінде ортақ туындылар мен басылымдар шығару тұрғысынан нәтижелі кездесу өтті. Екі тарап, алдағы уақытта ғылым алаңында бірлесе еңбек етуге, жаңа идеялардың жаршысы болуға келісті.