• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    «AQ JOL, YASAWI TÚLEGI – 2025»: УНИВЕРСИТЕТІМІЗ ҮЗДІК ТҮЛЕКТЕРІНЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАДЫ

    Оқу ордамызда жылдағы дәстүрге сай «Ақ жол, Ясауи түлегі - 2025» атты үздік және белсенді бітіруші түлектерді салтанатты марапаттау кеші өтті.

    Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы негізінде құрылған білім ордамыз алғашқы түлектерін 1995 жылы үлкен өмірге жолдаған болатын. Биыл университет 33-ші мәрте түлектерін қанат қақтырды. 2024–2025 оқу жылында университетті 1800-ден астам жас маман тәмамдады.

    Салтанатты рәсімге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, университет ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі м.а. Наджи Генч, еліміздің белгілі соты, 1996 жылғы түлек – Айжан Кульбаева және Стамбулдағы AcademyUs Art and Education және Kam-Us баспаларының құрылтайшысы, 2004 жылғы түлек – Айдемир Гүлтекин, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен университеттің танымал түлектері қатысты.

    Айтулы шараның шымылдығын түрген ректор Жанар Темірбекова түлектерге ақ тілегін арнады.

    «Бүгінгі кеш біз үшін қуанышқа толы. Дегенмен, студенттерімізбен қоштасу сәті екенін ойласақ, қобалжитынымыз да рас. Сіздер 4 жыл білім алған шаңырақтарыңызды ұмытпауға тиіссіздер. Күллі түркі әлемінің ұстазы атанған Қожа Ахмет Ясауи атындағы оқу ордамызда оның рухани мирасын, адамзатқа берген ең жоғарғы адамгершілік үлгісін ешқашан ұмытпауымыз керек. Осы тәрбиені ұрпақтан ұрпаққа жеткізуіміз керек деп айтып келдік. Тіпті, орындадық!

    Үлкен өмірге жолдама берген түлектерімізге сенеміз! Себебі, олар тек қана білім алған жоқ, сонымен қатар тәрбиелік мәні зор үлкен іс-шараларға қатысып, ұйымдастырды. Түркістан облысының дамуы үшін жан-жақты еңбек етті. Түлектерімізге ақ жол тілейміз!»,-деді ректор.

    Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Наджи Генч: «4 жыл бұрын бізге аманат еткен студенттерімізге білім беріп, бүгін қолдарына диплом беріп жатқанымызға қуаныштымыз. Әрі, кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп тұр! Тек Қазақстан мен Түркия мемлекеттеріне ғана емес, күллі әлемге қызмет ететін жас маман болатындарыңызға шын жүректен сенемін. Осы жолда сіздерге сәттілік тілеймін!»,-деді.

    Салтанатты рәсім барысында университеттің үздік және белсенді 300 студентіне дипломдар табысталды. Оның ішінде ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а. Наджи Генч биылғы «Ең үздік» атанған 30 түлекке дипломдарын табыстап, құттықтады.

    Сонымен қатар, 1996 жылғы түлек Айжан Кульбаева мен 2004 жылғы түлек Айдемир Гүлтекин де бітіруші түлектерге салтанатты түрде диплом ұсынды.

    «Бүгін – сіздердің жаңа өмірге қадам басқан күндеріңіз. Сіздерге тілегім – армандарыңыз биік болсын, жүректеріңіз мейірімге толы болсын, көңілдеріңіз ақ, ниеттеріңіз адал болып, еліміз мақтан тұтатын азамат болыңыздар!»,-деді Айжан Кульбаева. 

    Айдемир Гүлтекин өз естелігімен бөлісіп, 26 жыл бұрынғы студенттік күндерін сағынышпен еске алып: «Түркістанға Стамбулдан үлкен сәлем! 

    Құрметті ректорым, ректор өкілі, Түркістан халқы және бүгінгі кештің басты қаһармандары – бітіруші түлектер! Сіздер – Ахмет Ясауи университетінің түлегісіздер, сіздер – ерекше тұлғасыздар! Мен де осы университет есігінен ішке кіріп, жатақханада тұрдым, Түркістанның базарына бардым, сауда жасадым, такси жүргізушілерімен ұрыстым, олар үнемі «1 адам, 1 адам» деп айқайлайтын, бірақ сол 1 адам ешқашан келмейтін. Бүгін араға 26 жыл салып тағы осы қақпадан кіріп тұрмын. Соңғы жылдары университет кампусы, білімі жағынан қарыштап дамып келе жатқанына куәміз. Әлемнің қай бұрышына барсаңыз да түрік, өзбек, қазақ, қырғыз болсын, әйтеуір, бір Ахмет Ясауи университетінің түлегімен кездесіп қалуыңыз мүмкін. Ол адвокат, дәрігер, бизнесмен болуы мүмкін, бірақ бәрі – Ясауидің түлегі. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш!»,-деді.

    Салтанатты кеште ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастамасымен құрылған «Жас мемлекеттік қызметшілер» мектебінің сертификатын табыстау рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Абылайхан Наурызбаев сертификаттарды табыстап, тілегін айтты.

    Концерттік бағдарламаға ұласқан кеште жастар ән шырқап, би биледі. Сонымен қатар, түлектерге тосын сый ретінде, арнайы қонақ – ҚР эстрада жұлдызы Дастан Оразбек өнер көрсетті. Әсем әндерімен көпке мерекелік көңіл-күй сыйлады.