• image image image image
  • shape
    shape

    Жаңалықтар

    Blog Image

    УНИВЕРСИТЕТІМІЗГЕ ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ КЕЛДІ

    Оқу орнымызға арнайы жұмыс сапарымен ҚР Президентінің кеңесшісі Зүлфия Сүлейменова келді. Сапар барысында Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ертай Алтаев та бірге болып, өңірдегі экологиялық бастамалар мен ғылыми жобаларға қолдау білдірді.
    Президент кеңесшісі, ең алдымен университет жанындағы Ботаникалық бақтың жұмысымен танысты. Құрметті қонақты ректор өкілі м.а Нажи Генч, вице-ректор Еділ Төлегенов және университет ұжымы мен ғалымдар, бақ қызметкерлері қарсы алып, бақтың құрылу тарихы, өсімдік түрлері мен жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстар туралы мәлімет берді.
    Бүгінде 88 гектар аумақта орналасқан бақта 127-ден астам өсімдік түрі өсіріліп, өңір климатына бейімделген коллекция қалыптасқан. Сирек кездесетін ағаш-бұталар мен дәрілік өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктері зерттеліп, интродукциялық және экологиялық бағытта ғылыми ізденістер жүргізілуде.
    Ғылым департаментінің директоры Хайрулла Масадиков ботаникалық бақта іске асырылған және әлі де зерттеулер жүргізіліп жатқан ғылыми жобалар туралы ақпарат берсе, Коммерцияландыру офисінің басшысы Азат Исаков бақтағы жеміс ағаштарының өнімдері мен ағаш қалдықтарын пайдаға асыру бойынша атқарылып жатқан істерді баяндады.
    Сапар аясында Зүлфия Сүлейменова мен Ертай Алтаев баққа көшет отырғызып, естелік тақтайша орнатты.
    Бұдан әрі қонақтар бақ жанындағы Жеміс-жидектерді өңдеу цехінің жұмысымен танысты. Университет ғалымдарының бастамасымен жүзеге асып жатқан коммерцияландыру жобасы аясында бақтан жиналған жеміс-жидектер заманауи әдіспен өңделіп, кептірілген экологиялық таза өнімдер дайындалады. Қонақтар өнім сапасы мен технологиялық үдерістермен танысып, дайын өнімдерді көріп, бағасын берді.
    ҚР Президентінің кеңесшісі Зүлфия Сүлейменова университеттің ғылыми әлеуетімен де танысып, ғалымдармен кездесу өткізді. Жиын барысында экология, биологиялық ресурстарды сақтау, ғылыми зерттеулердің қоғамға әсері, жастарды ғылымға тарту жолдары сөз болды.
    «Президентіміз Ұлттық Құрылтайдың 4-ші отырысында биологиялық ресурстарды сақтау мәселесіне аса мән берген болатын. Тіпті, Халықаралық биоәртүрлілікті сақтау қорын құруды да ұсынды. Қазір біз осы бастаманың ұйымдастырушылық мәселелерімен айналысып жатырмыз. Осы мақсатта, Қазақстанның біршама аймағында болдым. Ал бүгін Түркістан облысына келуімнің басты мақсаты – Ахмет Ясауи университетінің Ботаникалық бағын көзбен көріп, жұмысымен танысу, ғылыми жобалар туралы ақпарат алу, бақтың оқу үдерісімен байланысын білу», - деді Зүлфия Сүлейменова.
    Оның айтуынша, қазір республикалық деңгейде 6 ботаникалық бақ бар. Ал Ахмет Ясауи университетінің Ботаникалық бағы – өңірлік деңгейде ықпалы жоғары әрі университет жанынан ашылған жалғыз бақ. Аумағы ауқымды, әлеуеті де зор. Президент кеңесшісі бұл тәжірибені басқа жоғары оқу орындарына енгізу мүмкіндігін қарастыру керектігін атап өтті.
    « Университетте «Ғылыми биология» мамандығы оқытылады екен, бұл – өте қуантарлық жағдай. Жастарды ғылым жолына тарту үшін дәл осындай бағыттарды дамыту қажет», - Зүлфия Сүлейменова.
    Кездесу соңында ҚР Президентінің кеңесшісі Зүлфия Сүлейменова Ботаникалық бақтың ғылыми және экологиялық маңызын жоғары бағалап, университет ұжымының атқарып жатқан жұмысына оң пікір білдірді. Түркістан облысының әкімінің орынбасары Ертай Алтаев та өңірлік жасыл даму мен ғылыми-инновациялық бастамаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
    Өз кезегінде, ректор өкілі м.а. Нажи Генч университетімізге арнайы ат басын бұрған Президент Кеңесшісіне алғысын айтып, Ботаникалық бақтың өнімдерінен дайындалған дәм-тарту ұсынды.