«ҰСТАЗ – МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ ШАМШЫРАҒЫ» АТТЫ МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ
Салтанатты кеш шымылдығын құттықтау тілегімен түрген ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті әріптестер мен ардақты ұстаздар қауымы, Ұстаздар күні мерекесі баршаңызға құтты болсын! Ғасырлар бойы келе жатқан ұстаздарды сыйлау, құрметтеу сынды құндылығымызды арықарай да сақтайық. Ұстаздар шәкірттерін, шәкірттер ұстаздарын мақтан ете берсін!»,-деді.
Халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу да ардақты ұстаздарымызды мерекелерімен құттықтады. Қоғамдағы ұстаз рөлінің маңызы туралы айтты.
Келесі кезекте, оқу орда басшылары ұстаздар қауымына арналған ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Алғыс хаттарын табыстады. Сондай-ақ, бір топ оқытушы мен қызметкер Ұстаздар күні және 1қазан – Қарттар күніне орай ректордың арнайы Алғыс хаттарымен марапатталды. Білім мен ғылым саласының қарыштап дамуына үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсетіп, сыйлықтар берді.
Салтанатты жиын одан әрі мерекелік концертке ұласты. Көңілді кеште өнерпаз жастар ән шырқап, би биледі. Оқу орда қызметкерлері де сахна төрінде өнер көрсетті. Көрермендер арасында қызықты ойындар ойнатылып, сый-сияпаттар берілді. Ал, Дизайн мамандығының арулары әзірлеген сәнді киімдердің дефилесі ерекше әсер сыйлады.
Кеш соңында Өнер, медиа және дизайн факультетінің студенттері ұстаздарға деген ыстық ықыласты хормен әсем ән арқылы жеткізді. Залға жиналған көрермен қосыла шырқап, шәкірттің білім шырағына айналған ұстаздарға тік тұрып, қошемет көрсетті.
Осылайша бүтін бір ұлтты, қоғамды білім нәрімен сусындатып, тәрбие беретін ұстаздар мерекесін университетіміз жоғары деңгейде атап өтті.