ЗАҢ ФАКУЛЬТЕТІНДЕ МИКРОМАМАНДЫҚ КАБИНЕТІ АШЫЛДЫ
Жиынға Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев бастаған қызметкерлері мен оқу орда басшылығы және факультеттің оқытушы-профессорлары мен студенттері қатысты.
Айтулы кабинеттің лентасын ректор Жанар Темірбекова мен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев салтанатты түрде қиды.
Айта кетейік, заң бағытындағы микромамандық кабинеті Қазақстанның 8 облысында ашылса, Түркістан облысында алғаш рет біздің оқу ордамыздың білімгерлеріне есігін ашты.
Салтанатты жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «ҚР Конституциясына 30 жыл толуына орай оқу ордамызда тарихы 30 жылдан асқан Заң факультеті қайта құрылды. Бұл факультет еліміздегі жоғары оқу орындардың арасынан үшінші болып университетімізде бой көтерген еді. Ал, дәл осы факультеттің алғашқы түлектерінің бірі Эльвира Азимова — қазіргі ҚР Конституциялық Сотының төрағасы. Осы жерде білім алатын студенттеріміз бақытты деп ойлаймын.
Жаңадан құрылған Заң факультетінің бастамасымен негізгі жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнату жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Соның бір дәлелі - бүгінгі кабинеттің ашылуы. Студенттер Экономикалық тергеп-тексеру департаменті үшін қажетті маман қандай құзыреттерге ие болу керек болса, соның барлығын осы кабинетте үйренеді. Себебі оның негізгі мазмұнын департаменттің мамандары қалыптастырады.
Бұл бастама - білімгерлеріміздің киберқауіпсіздік және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңа жобаларға негіз болатынына сенеміз. Осы орайда Заң факультеті мен Инженерия факультеті арасында бірлескен жаңа бастамалар күтеміз»,-деді.
«Келешек заңгердің бойында сарапшылық пен стратегиялық қасиеттер болуы керек. Тергеуші болу да оңай іс емес. Бұл жолда үлкен күш-жігер, психикалық дайындық қажет. Құрметті студенттер, болашақ жас маман ретінде сіздер еліміздің болашағысыздар. Біз сіздерге сенім артамыз!»,-деді департамент басшысы Ерболат Балғабаев.
Сонымен қатар, болашақ заңгер, тергеуші сынды құқық қорғау саласында қызмет етушілерге қажетті қасиеттер жайлы тереңінен баяндады. Темірдей тәртіп пен мәдениет, жоғары әрі сапалы білім иесі болудың маңызын саралады.
Микромамандық кабинетінде студенттеріміз экономикалық қылмыстар, сыбайлас жемқорлыққа қатысты істер, мүлікті тәркілеу шаралары, ақшаны жылыстату тәсілдері және өзге де экономикалық қылмыстар салалары бойынша арнайы пәндерді оқиды. Бұл – «Құқық қорғау қызметі» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша білім алушылардың Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыратын маңызды қадамдардың біріне айналды.