СТУДЕНТТЕРІМІЗГЕ БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ СТИПЕНДИЯ ТАБЫСТАЛДЫ
Шараға университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай, Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Дәулетов бастаған БАҚ өкілдері. Оқытушылар мен студенттер қатысты.
Айта кетейік, Бейсен Құранбек атындағы стипендияны «Журналистика» мамандығы бойынша білім алып жүрген үздік студенттерге Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен 2021 жылдан бері тұрақты түрде тапсырылып келеді. Алғашқы жылы Ғалымжан Елшібайдың демеушілігімен берілген стипендия 2022 жылы кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаеваның қолдауымен жалғасын тапты. Одан кейінгі жылы «ТүркістанМедиаХолдинг» директоры Жанахмет Ағыбаев стипендия беруге мұрындық болды.
Дәстүрлі бастаманың биылғы ұйымдастырушысы әрі демеушісі, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай биыл да үздік үш студентке стипендияны табыстады.
Алғашқы сөзді бастаған университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова: «Кезінде Райымбек Сейтметов ағамыздың бастамасымен негізі қаланған Өнер факультеті бүгінде жаңа атаумен — «Өнер, медиа және дизайн» факультеті ретінде қайта құрылып, табысты жұмысын жалғастыруда. Қыркүйек айынан бері факультетіміз мәдени-ағартушылық бағыттағы көптеген маңызды іс-шараларды өткізіп келеді. Ал бүгінгі жиын – сол игі істердің жарқын жалғасы.
Бейсен Құранбек атындағы стипендияны табыстау – тек үздік студентті марапаттау емес, ол – адамдық биік өнеге мен азаматтық жауапкершіліктің символы. Бейсен ағамыздың есімі еңбекқорлық, әділдік және рухани тазарудың үлгісі ретінде әрбір жасқа шабыт береді. Сондықтан бұл стипендия біздің студенттерге жігер мен бағыт-бағдар сыйлайды деп сенемін!»,-деді.
Сондай-ақ, студенттерімізге қолдау білдіріп, оларға шабыт сыйлағаны үшін Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалына алғыс білдірді.
Бұдан әрі «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Елшібай сөз алды.
«Ерлігі мен еңбегі бағалануы керек тұлғалардың бірі – Бейсен Құранбек. Кейде Бейсен Құранбек Түркістанның тумасы емес, неге степендия оның атынан беріледі деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, асыл тұлғаларды жерге, ұлтқа, елге, нәсілге бөлмеу керек. Оданда біз қазақтың ортақ, ірі тұлғаларын қалыптастырып шығуымыз керек. Бейсен Құранбек атындағы стипендияны тағайындаудың да бір себебі осы еді, яғни – ұлтқа ортақ тұлға және оның еңбегі дәріптелуі керек», - деді танымал журналист.
Шара барысында Бейсен Құранбектің әріптестері мен достары ол туралы естеліктер айтып, студенттерге ақыл-кеңестерін берді.
Сондай-ақ, көпшілік қауым Өнер, медиа және дизайн факультетінің өнерлі студенттері дайындаған арнайы бағдарламаны тамашалады.
Ал негізгі марапаттау рәсімін Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Мәлік Дәулетов пен «TURKISTAN TV» телеарнасының Ақпараттық сараптамалық хабарлар дирекциясының басшысы Ғани Қалмаханов, «Хабар» және «Хабар24» телеарнасының меншікті тілшісі Жандос Жұмабек өткізді.
Көп ішінен үздік атанғандар – 3-курс студенттері Қасиет Өмірбек пен Әсел Мәулен және 2-курс студенті Ақжан Қуан. Жеңімпаздарға өмірде өшпес із қалдырған ұлт журналистикасының жарық жұлдызы Бейсен Құранбек атындағы стипендия 100 мың теңге көлемінде табысталды.
Болашақ журналистерді шығармашылыққа, ізденімпаздыққа ынталандыра түсетін осы дәстүрлі іс-шара алдағы жылдарда да жалғасын таба бермек.