❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«ТҮРКІСТАН РУХЫ»: СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ДАРХАН ҚЫДЫРӘЛІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

  • 28.11.2025
  • KZ
  • 41

image

Бүгін университетімізде жаңа бастама – Академиялық клубтың кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы кездесудің құрметті қонағы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, университетіміздің Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі болды. Ол оқытушы-профессорлар құрамымен, ғалымдармен және студенттермен жүздесіп, «Түркістан рухы» тақырыбы төңірегіндегі терең мағыналы ойларын бөлісті.

Жиынды университет ректоры Жанар Темірбекова бастап беріп, университетімізде  өтіп жатқан «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты дөңгелек үстелі өтіп жатқанын, шара ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлініңң бастамасы екенін атап өтті. Ректор мемлекет қайраткерінің түркі әлемі үшін сіңірген еңбегіне тоқталып, дөңгелек үстел жұмысына қатыса алмаған оқытушылар мен студенттер үшін арнайы осындай ашық форматтағы кездесу ұйымдастырылғанын айтты.

Дархан Қыдырәлі өз сөзінде: «Түркістанға келу – мен үшін үлкен қуаныш. Осы университет қабырғасында қызмет еткенімді және бүгінде Өкілетті кеңес мүшесі екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Академиялық клуб кездесуі туралы ұсыныс түскенде тақырыбын ойландық. Әңгімеміздің өзегін «Түркістан рухы» деп алдық Мағжан жырға қосқан, тарихта терең із қалдырған Түркістан ұғымы бүгінде де ерекше мәнге ие», – деді.

Ол «Түркістан» сөзінің мазмұны мен тарихи ауқымына тоқталып, бұл ұғымның тек бір қаланың атауы емес, үлкен өркениеттің символы екенін түсіндірді. Тарихи деректерге сүйене отырып, Түркістанның 6–7 ғасырлардан бастап Қашқардан Каспийге дейін, солтүстікте Орал тауларына, оңтүстікте Ауғанстанға дейін созылған кең өңірді қамтығанын атап өтті.

«Түркістан – түркілер елі деген сөз. Ал бұл қала – сол Түркістанның ядросы, Жердің ядросы, яғни негізі болады, сол сияқты. Ежелден « Пір-Түркістан» деп атайтын. Кейін Үлкен Түркістан ұғымын санадан сыпырып тастау үшін «Пір» ұғымы түсіп қалды да, Түркістан деп осы қаланы қалдырды. Түркістан – бұл Орталық Азия, түркілер мекендеген жер», - деді Дархан Қыдырәлі.             

Сенат депутаты Түркістанның түркі-ислам өркениетін қалыптастырудағы рөлі, Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жазбаларынан бастап кейінгі ғасырлардағы мәдени-рухани мұралар, осы бағытта жарық көрген ғылыми еңбектер мен зерттеулер туралы тың деректерді айтты.

Дархан Қыдырәлі, әсіресе: «Түркістанның үлкен ұғымға айналуы мұсылман дінімен байланысты. Түркістан – географияның ғана емес, өркениет пен мәдениеттің атауы. Батыс өркениеті, Қытай өркениеті деп айтамыз. Сол секілді Түркістан – түркі-ислам өркениетінің өзегі. «Орталық Азия» деген сөз – өзіміздің ұғым емес, сырттан келген түсінік. Ал өркениет тұрғысынан бұл жер «Түркістан» деп қалыптасқан. Бұл ұғым өз орнына келуі тиіс.Бұл ұғым өз орнына қайта оралуы тиіс. Түркістанның рухы – бейбітшілік пен тыныштыққа негізделген. Түркілерді тек жауынгер халық дейді. Біздің нағыз алыптарымыз – Фараби, Баласағұн, Қашқари сынды ойшылдар. Олар Еуропа ренессансына да ықпал еткен», – деп атап өтті.

Сондай-ақ түркі бірегейлігі, интеграциясы жайлы айтып, бұл бағытта Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ерекше рөл атқарып отырғанын баса айтты.

«Түркістан Ұлы Түркістанның өзегі болса, Түркістанның өзегі – Қожа Ахмет Ясауи, яғни түркі-ислам өркениетінің негізін қалаған ұстазымыз. Түркістан рухы – Ясауи тұлғасында. Ізгілік пен жүрек философиясына ұмтылу – біздің рухани бағдарымыз болуы тиіс», – деп ойын түйіндеді.

Кездесу соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Дархан Қыдырәлі университет пен кітапхана қорына өзінің «Нүкте философиясы», «Тамыр», «Абыздар аманаты» және басқа да кітаптарын тарту етті. Сонымен қатар, белсенділік танытқан студенттерге де қолтаңбасы қойылған еңбектерін сыйға берді.