ҰЛЫБРИТАНИЯ ЕЛШІСІ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
Бүгін Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорси Түркістан облысына сапары аясында университетімізге арнайы келді.
Сапар барысында Елші БҰҰ жүйесінде, нақтырақ айтқанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықты қоныстандыру қоры — ЮНФПА қолдауымен жұмыс істейтін халықаралық жастар желісі Y-PEER мүшелерімен кездесті. Желі қатысушылары өз қызметінің бағыттары, құндылықтары мен негізгі бастамалары туралы таныстырып, тәжірибелерін бөлісті. Сонымен қатар, жастар қонаққа шағын энерджайзер сессиясын да ұйымдастырды.
Кездесу барысында университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксуорсиға құрмет көрсетіп, арнайы сыйлық тарту етті. Өз кезегінде Салли Аксуорси де университет басшылығына Y-PEER жастар желісіне көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта бірлескен бастамалар мен серіктестікке ашық екенін атап өтті.
«Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» жаһандық науқаны аясында студенттер қысқа форум-қойылым көрсетіп, қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аудартты. Салли Аксуорси жастардың белсенділігі мен бастамашылдығын жоғары бағалап, олармен ашық әңгімелесіп, іске сәттілік тіледі.
Айта кетейік, бүгінгі кездесуге Y-PEER жастары тек Түркістаннан ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналды.