«ҰЛЫ ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ»: СЕКЦИЯЛЫҚ ОТЫРЫСТАР
Симпозиумның бірінші секциялық отырысы «Түркі әлеміндегі әділет дәстүрі және құқық мұрасы» тақырыбына арналды. Мұнда түркі дүниесіндегі әділет дәстүрін зерттеген ғалымдар ауызша құқық пен би-шешендік институтының ерекшеліктерін талдап, «Ізгі адам – ізгі қоғам» қағидасының түркілік құқықта қалай көрініс тапқанын түсіндірді.
Айтулы секцияның модераторы – PhD доктор, қауымдастырылған профессор, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Халил Четин болды.
Алғашқы болып баяндама оқыған белгілі ғалым, профессор, Түркология ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Шәкір Ибраев көшпелі қоғамның құқықтық мәдениетін қалыптастырған ауызша дәстүрдің маңызына тоқталып, билер институтының ел ішіндегі мәселелерді әділ шешудегі басты қызметін ашып көрсетті. Көшпелілердің әлеуметтік қатынастарды реттеу тәжірибесі, дау жолдарын ақылмен шешу үлгілерін кеңінен талдады.
Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік әдебиет мұражайының директоры, профессоры Жаббар Эшанкул «Түркі дүниесіндегі құқықтың рухани мәні: Ізгі адам – ізгі қоғам» қағидатын түркі дүниесінің рухани құқықтық түсінігімен байланыстыра отырып, қоғамның кемелденуі ең алдымен адамның ішкі мәдениеті мен адалдығына негізделетінін атап өтті.
Содан соң ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Қыдыр Төрәлі Ахмет «Түркі дүниесінің моральдық құқықтық негіздері және Ахмет Ясауи ілімі» тақырыбында баяндамасын ұсынып, Ясауи ілімінің түркі халықтарының моральдық-құқықтық қағидаларына ықпалын талдап, рухани мұраның қазіргі құқықтық мәдениетпен үндестігін көрсетті.
Келесі, ТҮРІКСОЙ бас хатшысының кеңесшісі, профессор Азиз Биймырзаұлы түркі мәдениетіндегі ауызша құқық дәстүріне назар аударып, қырғыз халқының ұлы эпосы «Манаста» сақталған құқықтық нормалардың қоғамды тұтастандырудағы тарихи рөлін айқындады.
Айта кетейік, секция соңында профессор Жаббар Эшанкул университетімізге Әлішер Науаидың «Прозалық шығармаларын», «Өзбек тілінің түсіндірме сөздігі», «Тәуелсіздік дәуіріндегі өзбек науаитануы» атты еңбектерді және тағы да басқа 100 дана кітапты сыйға тартты. Сондай-ақ, профессор Азиз Биймырзаұлы да репрессия жылдары қысым көрген «манастанушылардың» кітаптарын, қазақтың ұлы ғалымы, «Манасты» көпшілікке танытқан Шоқан Уалихановқа арналған кітапты да университет кітапханасына тарту етті.
Екінші секция «Далалық құқық философиясы» тақырыбы аясында өтті. Жиынды PhD доктор, Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов жүргізді.
Абай атындағы ҚазҰПУ Мемлекеттік-құқықтық зерттеулер орталығының басшысы, Ұлттық заң академиясының Президенті Бахытжан Қуандықов өз баяндамасында «Көшпелі қазақ жеріндегі байырғы құқықтық мұралар» тақырыбын көтеріп, дала заңдарының табиғатын, олардың қоғамдық қатынастарды реттеудегі орны мен тарихи сабақтастығын жан-жақты талдады.
Өзбекстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының Адам құқықтары саласындағы талдау және зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Уткир Очилов «Өзбекстандағы конституциялық реформалар: адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайту» атты баяндамасында Өзбекстандағы соңғы саяси-құқықтық өзгерістерді, конституциялық реформалардың адам құқықтарын қорғаудағы маңызын атап өтті.
Келесі баяндамашы Нұр-Мүбарак Ислам Мәдениеті университетінен, PhD доктор Мұқан Исахан «Қазақ әдет-ғұрып заңдарының діни аспектілері» тақырыбында қазақтың дәстүрлі құқық жүйесі мен исламдық құқықтық түсініктердің өзара байланысын ашып көрсетті.
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қауымдастырылған профессоры Бекарыс Нұриман өз баяндамасында «Құтадғу біліктегі мемлекет басқару қағидаты және «ізгі-заң» ұғымы» туралы ой қозғап, түркі дүниесінің саяси-философиялық мұрасындағы әділет, басқару мәдениеті мәселелерін талдады.
Кезекті баяндамашы PhD доктор, Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Мұхит Төлегенов «Әл-Фараби ілімінің қазақ салт-дәстүріне және құқық жүйесіне әсері» тақырыбында Әл-Фарабидің философиялық мұрасының қазақ құқықтық мәдениетіне ықпалын ғылыми тұрғыда негіздеп берді.
Осылайша, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстаннан келген зерттеушілер түркі халықтарының рухани ілімдері мен адамгершілік нормалары құқықтық ойлаумен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Бұдан әрі жиын «Ұлы дала мұрасынан жаңа мемлекетшілдік қағидаттарына дейін» тақырыбы аясындағы Workshop шарасына жалғасты.