ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ БІРІНШІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ГЕОГРАФИЯ КОНГРЕСІ БАСТАЛДЫ

  • 18.04.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде Түркі әлемінің бірінші Халықаралық география конгресінің ашылу салтанаты өтті. 

Түркі мемлекеттері ұйымының Х Саммитінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстанның Ұйымға төрағалығы «Түркі дәуірі!», яғни «TURKTIME!» ұранымен өтетінін мәлімдеді. Президент: «Түркі бірлігін дәріптеудің маңызы зор. Өйткені біздің тарихымыз, мәдениетіміз, тіліміз және діліміз (менталитет) – ортақ»,- деді. Сонымен қатар, 2023 жылы қазан айында  өткен Түркі мемлекеттері ұйымы елдеріндегі туризм мәселелеріне жауапты министрлердің VIII отырысында Түркістан – Түркі мемлекеттерінің 2024 жылғы туристік астанасы атанды. Осыған орай,  университетіміз бен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Географиядан Республикалық атаулы мектеп, География және су қауіпсіздігі институтының ұйымдастыруымен айтулы конгресс бастау алды.   

Географтардың басын қосқан алқалы жиын – Ғылым айлығы және  Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Таза Қазақстан» акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында ұйымдастырылды.

Конгрестің негізгі мақсаты‒ Еуразия материгіндегі ұлан-ғайыр аймақта қоныстанған Түркі тілдес елдердің ғалымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, географиялық зерттеулердің дамуына ықпал ету.

Жиынға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және т.б. түркі тілдес елдерден 200-ге жуық ғалымдары мен зерттеушілер, Түркістан облысындағы мектептердің оқытушылары қатысуда.

Ашылу салтанатында алғашқы сөз тізгінін алған университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова:

«Құрметті ұстаздар, қадірменді әріптестер мен қонақтар баршаңызды университетіміздің маңызды кезекті іс-шарасында көргенімізге қуаныштымыз! 

«TURKTIME» концепциясы аясында, университетімізде көптеген тағылымдамасы зор, әрі оқу ордамыздың миссиясымен үндес үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Дәл осы залда қыркүйек айында Түркі әлемі математиктерінің басын біріктірген едік. Ал, қазан айында түркі елдерінің мықты түрколог ғалымдары келсе, желтоқсан айында биолог ғалымдардың жиыны өтті. Сол уақытта Ясауи университетінде түркі әлемінің географ ғалымдарының да басын қоссақ деп ұсынған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдарына алғыс айтамыз. Осы бастаманы қолдай отырып,  міне бүгін – киелі шаһар Түркістан қаласында, біздің университетімізде географ ғалымдар бірікті! Бұл біз үшін үлкен қуаныш! 

Күллі түркі тілдес елдердің географ, тарих ғалымдарының ынтымақтастығы арта берсін!»,-деді.

Келесі кезекте, құттықтау сөз алған университетіміздің Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Нурсой география конгресінің түркі жұртшылығы үшін маңызы мен ғылым саласының өзектілігі жөнінде сөз қозғады.

Сондай-ақ, Эскишехир Османгази университетінің ғалымы Еюп Артвинли, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Алия Актымбаева мен Анкара Университетінің профессоры Юсуф Каған Кадыоғлу айтулы жиынның маңызы мен мәні туралы ойларымен бөлісті.

Бұдан әрі, Қызылорда облысынан конгресске арнайы қатысуға келген география пәні мұғалімі Серік Ниязов «Педагогтың кәсіби құзыреттілігі білім сапасын арттырудың негізгі көрсеткіші» тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар, жиында «Түркістан облысының географиясы» оқу құралының тұсаукесері өтті. Жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларына Қаақстан Республикасы географиясы пәнінен оқытуға арналған оқу құралы туралы жобаның ғылыми жетекшісі –  педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ұлжалғас Есназарова баяндады. Сондай-ақ, аталған оқулықты жазуға ұсыныс білдіріп, қолдау көрсеткен Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшекке ризашылығын білдірді.

Басқосу танымал картограф-ғалым, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Қазақ мемлекеттілігінің тарихы – көне карталарда» атты ашық лекциясымен жалғасады.

Айта кетейік, Түркі әлемінің бірінші Халықаралық география конгресі үш күнге жалғасады. Барлығы 6 секция жұмыс істейді: Түркі  тілдес мемлекеттер мен елдердегі  географиялық білім беру мен зерттеулердің мәселелері; Түркі тілдес елдер географиясын оқытудың теориялық және практикалық маңызы; Түркі тілдес географиялық ұғымдар мен терминдердің әдістемелік негіздері; Түркі тілдес мемлекеттердегі табиғат ресурстарының  әлеуеті, шаруашылықта  тиімді пайдаланудың инновациялық технологиялары мен  әдістері; Түркі тілдес мемлекеттер мен  елдердегі табиғи қорықтар  мен рекреациялық аймақтардың  жағдайы және халықаралық туризмнің   даму әлеуеті; Түркі тілдес мемлекеттерде  су ресурстарын және  қауіпті табиғи процестерді басқару.