«1920-1950 ЖЫЛДАРДАҒЫ СТАЛИНДІК РЕПРЕССИЯ ЗАРДАПТАРЫ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

  • 01.12.2023
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамызда Түркістан облысы әкімдігі мен университетіміздің ұйытқы болуымен «1920-1950 жылдардағы Сталиндік репрессия зардаптары» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ғылыми-практикалық конференция Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 24- қарашадағы Жарлығына сай Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мәселесіне арналды.

Конференцияның мақсаты – 1920-1950 жж. Сталиннің саяси қуғын-сүргініне ұшыраған құрбандарын толық ақтау бағытында атқарылып жатқан ғылыми-іздестіру жұмыстарын толық қорытындылау. Ғылыми шарада Кеңес өкіметінің саяси қуғын-сүргіні халқымыздың мәдени-рухани әлеуетіне келтірген зардабы мен салдарын айқындау, аштықтан аман қалу үшін үдере көшкен, мал-мүлкі тәркіленген, күштеп жер аударылған, ұлтшылдық жаласымен концлагерьлерде азапталған саяси жүйе құрбандарын құқықтық және саяси тұрғыда ақтау. Саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым етерлік шаралар өткізу туралы ұсыныстар дайындау міндеттеріне сай ғалымдар, архивтанушылар, өлкетанушылар және куәгерлердің ой-пікірлері мен деректік жаңалықтарын ортаға салу.

Жиынды ашып беру үшін алғашқы сөз тізгінін университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев алды.

«Әр адам өзінің бүгіні мен өткен тарихын жетік білуге тиісті. Тарихымызда қандай оқиғалар болды, ата-бабаларымыз ұлт жолында қандай қиындықтар көрді, қандай кезеңдерден өтіп, бүгінгі кезеңге жеткеніміз жайлы әр азамат өзіне сұрақ қоюы тиіс»,-деді вице-ректор. Сондай-ақ, Сталиндік репрессия зардаптары жөнінде ой толғауымен бөлісті.

Келесі кезекте, Түркістан облысы әкімдігінің өкілі ретінде Айгүл Рүстемова Түркістан облысындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі арнайы өңірлік комиссияның бүгінге дейін атқарған жұмыстары жөнінде тың ақпараттармен бөлісті.

«Біздің басты міндетіміз – қуғын-сүргінде қаза болған ата-баба тарихын болашақ жастарға жеткізу. Осы мақсаттағы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде архивтік материалдар зерттеліп, талдау-сараптаудан өтіп, бүгінгі таңда бірқатары жарыққа шықты. Ғалымдар Түркістан өңірінен саяси қуғынға ұшыраған 5000-нан аса азаматты толық ақтауға ұсыныс берген болатын. Қазіргі уақытта ол тізім арықарай да зерттелу үстінде. Биылғы жылдың қорытындысымен толықтырылған тізім бойынша ақталған азаматтардың аты-жөнін білетін боламыз. Олардың еңбектері мен ел болашағы үшін қосқан үлесі де аталады деп сенеміз.

Айта кетейік, былтырғы жылдың өзінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия 33 томдық кітап жинағын шығарды. Оның 3 томы Түркістан облысы ғалымдарының зерттеу еңбектері. Бұл біз үшін де үлкен абырой!»,-деді.

Жиын Теология факультетінің деканы, филос.ғ.д., профессор Досай Кенжетайдың «Қуғын-сүргін құбылысы: зерттеу проблемалары» атты баяндамасымен жалғасты.

Аталған жиынға еліміздің бірқатар ғалымдары, атап айтқанда: т.ғ.д., профессор Хазретәлі Тұрсын, т.ғ.к., доцент Ләззат Динашева, т.ғ.к., доцент Ақмарал Сандыбаева, т.ғ.к., профессор Зәбираш Әділбекова және қуғын-сүргін мәселесімен айналысып жүрген облыстық комиссия мен жұмыс тобы мүшелері, зерттеушілер, архив мамандары, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Конференцияда: Сталиндік биліктің дінге қатысты саясатының салдары; Қазақстандағы ұжымдастыру саясатының зардаптары; Күштеп жер аудару және депортация мәселелері; Қазақстандағы ашаршылықтың салдары; Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттары; Архивтердегі құпия қорларды құпиясыздандыру және саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық ақтауға ұсыну мәселелері; Саяси қуғын-сүргін тарихын музейлендіру және есте қалдыру бағыттары бойынша баяндамалар жасалды.

Жиынға қатысушылар мен студент жастар 1920-1950 жылдардағы Сталиндік репрессия зардаптары мен жазықсыз мерт болған азаматтар тарихын тереңінен тани түсті. Ғалым-зерттеушілердің қуғын-сүргін құрбандарын толықтай ақтау жолында жасаған зерттеу-еңбектерінің куәгері болды.