«АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНІМДЕРІН ӨНДІРУ МЕН ӨҢДЕУДІҢ ЗАМАНАУИ АСПЕКТІЛЕРІ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ СЕМИНАР ӨТТІ

  • 27.06.2024
  • KZ

image

Бүгін университетіміз бен Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің ұйымдастыруымен «Ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеудің заманауи аспектілері» атты Халықаралық ғылыми семинар өтті.

Семинарда алғашқы сөз тізгінін алған Қаржы және стратегиялық даму вице-ректоры Мустафа Нұрсой, Өзбекстандық ғалымдарды түркі жастарының басын қосқан оқу ордамызда көргеніне қуанышты екенін жеткізді.

Келесі кезекте, Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Жанібек Исабеков:

«Ауылшаруашылығының адамзат тарихында алар орны ерекше екені белгілі. Сондай-ақ, қоғамның дамуында да маңызды рөл атқарады.

Бүгінгі жиынның басты мақсаты – ауылшаруашылық саласында соңғы зерттеулермен бөлісу арқылы зерттеу барысында туындаған қиындықтармен бірге күресіп, шешім шығару. Екі бауырлас ел арасында ғылыми зерттеулер мен академиялық ынтымақтастығымызды нығайта отырып, осы бағытта маңызды қадамдар жасау»,-деді.

Жиын барысында Өзбекстаннан арнайы келген ғалымдар маңызды баяндамалар оқыды.

Ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор Шавкат Умаров «Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті мен «Қазақстандық жібек қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі арасындағы жібек өнеркәсібін дамыту саласындағы ғылыми-практикалық ынтымақтастық» тақырыбында өзекті мәселелерді қозғады. Әсіресе, Өзбекстандағы тұт өсіру мен жібек мата, жібек жіп өндіру процесі жайлы кеңінен баяндады. Өзбекстандағы миллионнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жібек өндіру ісінің жалпы табысы мен нарықтағы беделін айтты.

Ғылыми жиында Жібек құртын азықтандырудың экологиясы және агротехнологиясы, Әлемдік жібек шаруашылығының қазіргі жағдайы және даму тенденциялары, Жібек құртын алдын ала астық өндіру, Қазақстан Республикасында суперэлиталық, элиталық және өнеркәсіптік дәнді дақылдарды дайындау мүмкіндіктері, Ғылыми зерттеу жұмыстары мен нәтижелерін коммерцияландырудың бүгіні мен жоба бағыттарын қалыптастыру тренді сынды т,б тақырыптар қозғалды.

Қос университеттің оқытушы-профессорлары ауылшаруашылық ғылымындағы салмағы басым мәселелер төңірегінде пікір мен тәжірибе алмасты.