ТҰРАР РЫСҚҰЛОВ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ИДЕЯСЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯНЫҢ ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Ауқымды шараның пленарлық отырысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, ҚР Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, ҚР Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың құттықтау хаттарынан басталған болатын.
Ал бұдан әрі сөз кезегін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы алып: «Бұл игі іс-шара отаншыл ұрпақ тәрбиелеу ісінде, Тұрар тұлғасын дәріптеу бағытында маңызды жиын болмақ.
Тұрар Рысқұлов – халқымыздың болашағы жолында шейіт болған ерен ерлеріміздің бірі. Ол зұлмат замандарда ашаршылыққа ұшыраған жұртымызға қамқор болған дара тұлға! Қожа Ахмет Ясауи бабамыз айтқандай, халыққа қызмет – хаққа қызмет етуден басталады. Ол халыққа қызмет етудің көркем өнегесін көрсетіп кетті»,-деді.
Күллі түркі тарихында айрықша орыны бар ұлы тұлғаның өмірі мен қызметін насихаттауға арналған конференцияға тек қазақстандық ғана емес, шетелдік зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар да қатысып жатыр.
Пленарлық отырыста Қырғыз Республикасы Президенті кеңесшісі Арслан Койчиев, Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Баярхуу Дорж, Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Пак Илкер де сахна төріне шықты. Спикерлердің әрбірі Тұрар Рысқұловтың қоғамдық-саяси қызметі, тұтас Түркістан идеясының маңызы және осы жолдағы еңбегі, ұлты үшін жасаған адал қызмті, оның күрескер ерік-жігері туралы тарқата сөз қозғады.
Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков Тұрар Рысқұловтың жас кезінен саясатқа араласып, батыл шешімдер қабылдағанын айтты. Зауытбек Тұрысбеков өз қызмет бабымен шетелдерде жүрген кезде Тұрар Рысқұловтың әлемдік деңгейдегі абыройы жоғары екенін байқағанын айтты. Бұған қоса, елші лауазымында қызмет еткен кезде Мәскеу мэрімен болған оқиғаны еске алып, Тұрар Рысқұлов тұрған үйге белгі қою туралы мәселе қалай шешілгені туралы баяндады.
Іс-шараға Тұрар Рысқұловтың ұрпағы Адель Робертқызы Рысқұлова арнайы келіп, ең алдымен, бүгінгі конференцияны ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
«Бүгінгі конференция жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқанын атап өткім келеді. Түркістан облысының әкімдігіне, Түлкібас ауданының әкімдігіне және осы университет басшылығына алғыс айтқым келеді. Бүгінгі шараның дәл осы оқу орнында ұйымдастырылуы да өте маңызды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған, көрменің өзінде бұрын-соңды көрмеген, білмеген құжаттарды көрдім, дайындық жұмыстары өте жақсы жүргізілген. Шыны керек, мұндай деңгейдегі шараны бұған дейін көрмедім. Мінберде де Тұрар Рысқұлов туралы жақсы ақпараттар айтылып жатыр. Осы мәліметтердің барлығы жастарға жетсе, келешек ұрпақ Тұрар Рысқұловты, оның еңбегін ұмытпаса екен деймін. Өкінішке қарай, қазір Тұрартанушылар саны азы. Сондықтан, студенттер үшін Тұрар Рысқұловқа арналған сағаттар ұйымдастыру, білім беру бағдарламаларына қосу туралы ұсыныс айтқым келеді. Тұрар Рысқұлов сан сала қызмет еткен, тарихтың ашылмаған ақтаңдақ беттері әлі де бар, қаншама құжаттар бар», - деді Адель Рысқұлова.
Сондай-ақ, Адель Рысқұлова Тұрар Рысқұлов пен оның жары, анасы мен әжесінің тағдырынан сыр шертіп, олардың қиын тағдыры, сондай-ақ ұлы тұлғаның артында қалған ұрпақтары туралы ақпарат айтты. Көпшілік біле бірмейтін тың мәлеметтер мен естеліктерді атап өтіп, жиналған қауымды толғандырды.
Халықаралық Түркі академиясының сарапшысы Тимур Козырев Академия Президенті Шаһин Мұстафаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Түркістан облысы әкімінің Бейсенбай Тәжібаев Тұрар Рысқұловтың саяси қызметі, тұтас Түркістан идеясын іске асырудағы нық қадамдары, Түркі жұртының тұтастығын қалыптастыру жолындағы орасан еңбегі туралы маңызды баяндама жасады.
«Тұрар Рысқұловтың елді ашаршылықтан қорғап, Сталинге хат жазуы, ұжымдастырудағы асыра сілтеу саясатын ашық сынауы, Аштықпен күресетін Орталық Комиссия құрып, миллионға жуық адамды ажалдан арашалап қалуы – қайраткердің ұлт үшін жасаған ерліктерінің бір бөлігі ғана.Әсіресе, оның Түркі жұртының бірлігін,тұтастығын аңсап, сол жолда атқарған еңбектері ұшан-теңіз.
Тұтас Түркістан мемлекеті мен Түркі халықтарының компартиясын құру бағытында нақты іс-әрекеттер жасады. Нәтижесінде 1918 жылы Түркістан автономиялы Республикасы Ташкентте дүниеге келді. Дегенмен бір сәйкестікті атап өту керек. 1918 жылы басталған осы бастамалар араға тура 1 ғасыр салып, 2018 жылы Түркістан облысын құру туралы тарихи жарлықпен жаңаша сипат алды. Тарихи әділеттілік орнады», - деді Бейсенбай Тәжібаев.
Сондай-ақ, конференцияда университет ректоры Жанар Темірбекова да сөз алып, Тұрар Рысқұловтың қазақ тарихында ғана емес, Орта Азия халықтарының, жалпы түркі халықтарының да тарихында ойып тұрып орын алған тұлға екенін атап өтті.
«Қоғам қайраткерінің озық көзқарастары, саяси ұстанымдары, ұлт тағдыры үшін жасаған батыл қадамдары бүгінгі таңда ұрпақтар үшін үлгі. Тұрар Рысқұловты терең ойлы, болашақты болжай білген әлемдік деңгейдегі реформатор тұлға дер едім. Бүгінгі ұрпақ ұлы тұлғаның мұрасын зерттеу мен насихаттауға айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Тарихтың ашылмаған сырлары, әділ баға берілмеген тұстары әлі де бар. Бүгінгі конференция осы мақсатымызға жету жолындағы тағы бір маңызды қадам болмақ.
Пленарлық, панельдік отырыстарымызда маңызды және өзекті баяндамалары болып жатыр. Сондай-ақ тағы бір маңызды шарамыз бар. Бәріңіз білесіздер, жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» акциясы аясында елімізде ағаш отырғызу, көгалдандыру және тарихи мекендер мен қоршаған ортаға қамқорлық танытып, тазалау, аялау жұмыстарын жаңғыртып жатырмыз. Бүгін де сол игі істі жалғастырып, қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың туғанына 130 жыл толуына орай университет аумағында арнайы Аллеяның лентасын қиып, 130 түп шынар ағашын отырғызамыз. Осы конференцияға келген Сіздер – қонақтарымыз, спикерлер, Түркі әлемінің төрт бұрышынан жиналған белсенді жастарымыз және Студенттік парламент, бәріміз бірге сол ағаштарды егеміз. Алдағы уақытта Аллеямыздың аумағын кеңейтеміз деп жоспарлап отырмыз. Құдай қаласа, Тұрар Рысқұловтың туғанына 150 жыл болған кезде кездесіп, осы жердің үлкен Паркке айналғанын көреміз деген ниетіміз бар», - деді университет ректоры.
Халықаралық конференция бұдан әрі панельдік сессияға ұласты. Онда түркітілдес елдерден келген ғалымдар мер сарапшылар түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ірі ғалым, публицист, тарихшы, дипломат Тұрар Рысқұловтың тұлғасын жан-жақты зерттеп, оның идеялары және қызметінің маңызы, қазіргі күндегі өзектілігі туралы ой бөлісті.