«II ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ» СИМПОЗИУМЫ : ПЛЕНАРЛЫҚ ОТЫРЫС ӨТТІ

Маңызды іс-шарада «Ғылым әдіснамасы: ой мен тіл» тақырыбында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов баяндама оқыды.
«Тіл саясаты комитетінде ғылым тілі арнайы бағыт ретінде белгіленген. Ақпарат заманында, жаһандану дәуірінде уақыт өте тығыз, өте ұшқыр. Сондықтан бізге ортақ ой, ортақ бағыт керек. Кез келген ғылым саласы сияқты тілдің де жүйеленген әдіснамасы болуы керек. Ол әдіснаманы жасайтын кезде біз осыған дейін тіл білімін зерттеген ғалымдардың жолына қараймыз. Қазақ тілі үшін ұшан-теңіз еңбек еткен Ахмет Байтұрсынұлының бір де бір монографиясы жоқ, бірақ біз оны ғалым деп мойындаймыз. Ахмет Байтұрсынұлының идеяларының өміршеңдігі – өмірден, тәжірибеден алынуы.
Қазақ тілінің ғылым тіліне айналуындағы алғашқы алғышарт – тәжірибемен ұштасуында. Екінші алғышарт – ғылыми еңбектердегі қазақ тілінің аударма тіліне айналмауы, яғни қазақша ойлану. Қазақша ойланудың философиялық-логикалық мазмұны ғылымда көрініс тауып жатыр ма, жоқ па – бұл үлкен мәселе. Симпозиумда осы мәселенің шешімін жан-жақты қарастыру үшін түрлі бағыттағы, саладағы ғалымдар бас қосып отыр», - деді Ербол Тілешов.
Келесі кезекте, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Шәкір Ибраев «Қазақ тілі – ғылым тілі: өзектілігі және шешу жолдары» тақырыбында сөз қозғап, қазақ тілінің ғылым тілі ретінде қалыптасып-қалыптаспауында тілдің кінәсі жоқ екенін, мәселе ғалымдардың өз нәтижесін жариялауда жіберетін олқылықтарында екенін айтты.
«Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі проблемаларын зерделей бастағанымызда мәселенің көпқырлылығы және көпқабаттылығы бірден байқалады. Алдымен мемлекеттік тіл қызметінен басталатын пайымдау, әрі қарай оның ғылымда, заңнамада, мемлекеттік іс-қағаздарда, билік тармақтарында қолданылу жағдайы және мотивациясы бір-бірімен шарпыса бастайды», - деген Шәкір Ибраев тілдің қолдану аясын кеңейту, оны ғылымда қолдану тікелей азаматтар мен ғалымдардың ішінен келетін фактор екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Оксфорд университеті, Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультеті профессоры Эмине Чакыр «Оксфордта қазақ тілін оқыту», ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті, профессор Шерубай Құрманбайұлы «Жалпытүріктік терминдер түзу – терминологияны халықаралықтандыру тетігі» тақырыбында ой қозғады.
Эмине Чакыр симпозиум қатысушыларына «Oxford Qazaq Dictionary» сөздігін таныстырып, шетелде қазақ тілін оқыту тәжірибесі туралы айтып берді. Ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Оксфорд университетіне барған іссапарының нәтижесінде Вульфсон колледжімен (Wolfson College) және Оксфорд «Бірсөз» ұйымымен (Oxford Birsöz Initiative) келісімшарт жасасып, осы келісімшарттың ең үлкен жетістігінің бірі ретінде Оксфордта қазақ тілінің оқытылуын атап өтті.
Ал Шерубай Құрманбайұлы қазақ тілі терминологиясының қалыптасуындағы ең ірі екі жол – кеңестік және жаңа жүйені салыстырды. Ғалым өзбек, қырғыз, түрік, қазақ ағайындардың ғалымдары бір-бірін түсінуі үшін ортақ терминология жүйесін жасау қажеттігі бар екенін алға тартты.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының іргелі және қолданбалы зерттеу нәтижелері» тақырыбында баяндама жасап, ғалымдардың зерттеу нәтижелері туралы айтты. Пленарлық отырыстың модераторы, университетіміздің ректоры Жанар Темірбековаға арнайы сыйлығын табыстады.
Пленарлық отырысты қорытындылаған Қазақстан қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Нұрбек Матжани «Академиялық мәтін жазу шеберханасы» кітабын таныстырып, әлі көп адамның қолына тие қоймаған жаңа кітаптың бірнеше данасын университетіміздің кітапханасына табыстады.
Айта кетейік, жиын барысында «Ата жұрттан ана жұртқа – білім көпірі» жобасы аясында түрік тілінен қазақ тіліне аударылған 10 оқулықтың тұсаукесері өтті.