«II ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ» СИМПОЗИУМЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМ ДИПЛОМАТИЯСЫ

  • 03.04.2025
  • KZ

image

Университетімізде өтіп жатқан «II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» симпозиум аясында «Халықаралық ғылым дипломатиясы» атты Workshop өтті.

Айта кетейік, симпозиумның ұйымдастырушылар қатарында Bilig (SSCI, Scopus, Web of Science) –Түрік әлемі әлеуметтік ғылымдар журналдары бар. Яғни, қазақ тілінің ғылым тіліне айналуына әлемдегі ең ірі ғылыми дерекқорлар мен ғылыми жұмыстардың сапасын бағалайтын халықаралық платформалар да атсалысуда. Бұл ғылымның түрлі саласында еңбек етіп жүрген ғалымдарымыз үшін үлкен қуаныш. Сондай-ақ, жас ғалымдар үшін өз зерттеулерін танытып, ой бөлісуге мүмкіндік ұсынатын алаңға айналды.

Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгінгі басқосудың негізгі мақсаты – қазақ тіліндегі ғылыми журналдардың дамуын талқылау, олардың сапасын арттыру және халықаралық ғылыми қауымдастықтағы орнын нығайту.

Ғылыми журналдар – заманауи ғылымның ажырамас бөлігі. Олар ғылыми ізденістердің нәтижелерін жариялаудың негізгі құралы болып, білім мен тәжірибені бөлісудің маңызды алаңына айналды. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі ғылыми журналдардың сапасын арттыру, оларды халықаралық деңгейге шығару, ғалымдардың зерттеулерін кеңінен насихаттау – өзекті міндеттердің бірі. Сондықтан осы басқосуда ғылыми мақалалардың сапасын көтеру, журналдардың индекстелуі мен дәйексөзденуін жақсарту, сондай-ақ қазақ тіліндегі ғылымды дамыту жолдары жан-жақты қарастырылмақ»,-деді.

Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Ең алдымен, оқу ордамыз үшін маңызды болған айтулы симпозиумға қатысқандарыңыз үшін алғыс білдіремін! Бұл іс-шараны өткізу, атақты ғылыми басылымдардың өкілдерін бір ортаға тоғыстырып, пайдалы жиын ұйымдастыру біз үшін үлкен қуаныш!

Ғылым саласының негізгі іргетастарының бірі – ғылыми басылымдар. Ал, басылым редакторларының еңбегі орасан. Осы тұста, біз түркі мемлекеттерінде жарияланатын басылымдардың мамандарын арнайы шақырдық»,-деді.

Сонымен қатар, Нажи Генч жасанды интеллекттің қазіргі уақыттағы рөлі мен маңызы жайлы ойын бөлісті. Әсіресе, ғылыми мақалалар жазу мен еңбектерді іздеудегі жасанды интеллекттің пайдасы мен дұрыс сілтемелер беру туралы айтты.

Ал, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету комитеті Сыртқы бағалау және талдау бөлімінің басшысы Қарлығаш Сәкенова:

«Қожа Ахмет Ясауи түркі тілінде көркем, терең ойлы жыр жазудың үлгісін көрсетіп кетті. Сондай-ақ, түркі тілінің ғылым мен руханиятты зерттеу үшін қажет екенін көрсетті. Ендігі кезекте, біз сол жолды жалғап, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруымыз керек. Жаңа дәуірдің шарттары басқа, сондықтан, жаснды интеллект, цифрлық технология арқылы қазақ тілін дамыту керек. Олардың мүмкіндіктері өте мол»,-деді.

Ал, Bilig журналының редакторы Фырат Пурташ ғылыми журналдардың жұмысы мен ғалымдардың мақалалары, зерттеу жұмыстары сынды өзге де маңызды істер жөнінде баяндады. Ғылым адамдары үшін аса қажетті ақпараттарға толы іс-шараны ұйымдастырған оқу ордамызға алғысын айтты.

Одан әрі қарай, «Халықаралық индекстелетін базалардағы журналдардың мақала және жариялау саясаты», «Сапалы мақала жариялау процессін ұйымдастыру техникалары және жасанды интеллект мүмкіндіктері», «Ұлттық және халықаралық индекстелетін базаларға ену жолдары» тақырыптарында Workshop өтті.

Жиынға қатысқан ғалымдар, профессор-оқытушылар мен докторанттар, магистранттар мен студенттер пайдалы ақпараттар берген лекторларға ризашылықтарын жеткізді.