УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ӨКІЛЕТТІ КЕҢЕС МҮШЕСІНІҢ КІТАБЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРЫЛДЫ

  • 19.02.2024
  • KZ

image

Оқу ордамыздың Өкілетті кеңес мүшесі, Түркияның көрнекті мемлекет қайраткері, профессор, доктор Ибраһим Калынның «Мен, Өзге және Өзгесі: Ислам-Батыс қарым-қатынасының тарихына шолу» атты кітабы университетіміздің Алматыдағы Еуразия ғылыми-зерттеу институты тарапынан 2023 жылы қазақ тіліне аударылып, жарық көрген болатын.

Ибраһим Калынның аталмыш кітабы – Ислам әлемі мен Батыс әлемі арасындағы өзара қарым-қатынастың ұзақ та күрделі, қатпары қалың, қалтарысы көп тарихын  зерделеуді мақсат еткен ғылыми еңбек. Жалпы 12 бөлімнен, 615 беттен тұратын бұл еңбекте автор Ислам мен Батыс тарихын бөліп-жарып қарастырмастан, исламдық және батыстық өркениеттің бір-бірімен байланыста болған тұстары мен кезеңдеріне тереңдей үңіліп, олардың бір-біріне жанамалай әсерінен гөрі, өзара ықпалдасу үдерісінің өткені мен бүгінгі мән-мағынасын көкейге қонымды түрде сипаттайды. Автордың өз сөзімен айтқанда, кітапта: 

«Біздің мақсатымыз – исламдық және батыстық қоғамның бір-бірімен байланыста болған кезеңдеріне тереңдей үңіліп, өзара ықпалдастық нәтижелерін көңілге қонымды түрде сипаттау. Бұл бағытта Ислам мен Батыс тарихының өткені мен бүгінгі мән-мағынасын түсінуге мән бердік», – делінген.

Басылымның авторы Ибраһим Калын сарабдал саясаткер, білгір дипломат болумен қатар, жазғаны да, жазары да мол білікті ғалым. Ибраһим Калынның ғылыми еңбектері Түркияда ғана емес, Батыс елдерінде де кеңінен танымал болып, бірнеше шет тіліне аударылған. Профессор Ибраһим Калынның Түркияның сыртқы саясаты мен ислам туралы бірқатар кітаптары бар. «Мен, Өзге және Өзгесі: Ислам-Батыс қарым-қатынасының тарихына шолу» – автордың 38-ші кітабы болып, университетімізге қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, жас ғалым Өмірбек Қанай қазақ тіліне аударды.

Еуразия ғылыми-зерттеу институты тарапынан 2023 жылы жарық көрген аталмыш кітап өткен жылдың 30-қарашасында Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен Алматыда оқырман қауымға таныстырылды. Ислам әлемі мен Батыс әлемі арасындағы саяси, дипломатиялық, мәдени, әлеуметтік және әскери қарым-қатынастың ұзақ тарихын арқау еткен бұл кітап тарихтан әдебиетке, мәдениеттен өнерге, діннен пәлсапаға, саясаттан дипломатия дейінгі бірқатар салаға түрен салған еңбек болуымен құнды. Сондықтан да, жарық көргеннен бері көзқарақты оқырманның назарын аударып келеді. Кітаптың тағы бір жаңашылдығы, аудармашы мен редактордың үлкен жетістігі – кітапта қолданылған атау-терминдердің қазақша баламасын тауып қолдануында. Бұл туралы қалың оқырман қауым өз пікірін білдіріп, оң бағасын беруде.

Айта кетейік, 21-ақпан күні Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында аталмыш кітаптың кезекті таныстырылымы өтеді.