«АҚЫНЖАНОВ ОҚУЛАРЫ – 2025» АТТЫ СТУДЕНТТЕР МЕН ЖАС ҒАЛЫМДАРДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Айтулы конференцияға Астана, Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Орал, Семей, Өскемен, Түркістан, Петропавл қалаларынан, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Польша және Ресейдегі түрлі университеттер, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен музейлерден студенттер мен жас ғалымдар қатысуда.
Жиында модератор – Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Зооархеология зертханасының меңгерушісі, Ph.D докторант Мамбет Шағырбаев болды.
Ашылу салтанатында сөз бастаған Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры, т.ғ.к Ақан Оңғарұлы жиынның маңызы туралы тереңінен айтты. Қазақстандағы археология саласын дамыту мен жас ғалымдарға ұсынылар мүмкіндіктер туралы баяндады.
Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Бүгінгі іс-шарада мәдени мұраны сақтау мен қорғау және келешекте дәріптеу мәселелері бойынша келелі кеңес құрылатынына сенемін! Бұл орта – археологтар мен жас ғалымдар өзара тәжірибе алмасып, тың идеялар ұсынатын, берері мол алаң болмақ. Сондықтан, конференция жұмысына сәттілік тілеймін!»,-деді.
«Ясауи университетінің Археология ғылыми-зерттеу институты Қазақстандағы археология саласының дамуына үлкен үлес қосып келе жатыр. Оқу ордамызда 8 институт болса, олардың қатарындағы үздіктер көшін бастайтын –Археология ғылыми-зерттеу институты. Университет базасында Археологиялық музей мен түрлі зерттеулер жүргізетін, республикалық, халықаралық жобаларда жеңімпаз атаған жас ғалымдар бар. Университетіміз бен ғалымдардың жұмысымен барысында кеңінен танысасыздар. Конференция қатысушылары қызықты, әрі пайдалы уақыт өткізеді деп сенемін!»,-деді Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева.
Конференцияның ашылу жиыны секциялық отырыстар мен баяндамашылардың маңызды тақырыптары бойынша талқылауға ұласты.
Жас ғалымдар Қазақстан мен шекаралас аймақтардағы әртүрлі тарихи кезеңдердің археологиясына қатысты мәселелерді зерттеу нәтижелерін ұсынып, материалдық мәдениеттің жекелеген аспектілерін талдады. Соңғы жылдардағы далалық зерттеулердің алдын-ала қорытындыларын жариялау арқылы, ғылыми айналымға жаңа материалдар мен пәнаралық зерттеу нәтижелерін енгізу туралы ой бөлісті.
Секцияларда палеозоологиялық және антропологиялық зерттеулердің нәтижелерін қамтитын баяндамалар, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау, таныстыру және насихаттау мәселелері де қарастырылды.
Айта кетейік, конференция 11-сәуірге дейін жалғасады. Қатысушылар қазіргі археологияның, Қазақстан мен көршілес аумақтардың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мәселелерін жан-жақты талқылайды.