ІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКІ ДҮНИЕСІНІҢ ИНЖЕНЕРЛЕР САММИТІ БАСТАЛДЫ

Айтулы іс-шараны университетіміз және Түрік Инженерлер Қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.
Саммитке Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Мажарстан, Кипр елдерінен инженерлік сала мамандары мен ғалымдар, өндірістік компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып жатыр.
Басты мақсат – түркі елдері инженерлерінің өзара ынтымақтастығын нығайту, ортақ ғылыми жобалар мен бастамаларды қолдау және аймақтық технологиялық даму үрдісіне серпін беру.
Жиын барысында: «Цифрлық инженерия мен жасанды интеллекттің мүмкіндіктері», «Қорғаныс және телекоммуникация салаларындағы жаңа буын технологиялар», «Энергетика және киберқауіпсіздік бағытындағы заманауи шешімдер», «Түркі елдері арасындағы кәсіби ынтымақтастық үлгілері» атты түрлі бағыттар қамтылмақ.
Конференцияны ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті қонақтар, қадірлі әріптестер мен инженерлік қоғамдастықтың өкілдері! Сіздерді қасиетті Түркістан шаһарында, осындай керемет іс-шарада көргенімізге қуанып отырмыз! Университетімізге қош келдіңіздер!
Бұл саммит – түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықтың жан-жақты нығаюының көрінісі деп білеміз. Дәл осы залда түркі тілдес елдердің ынтымақтастығы мен достығын нығайтуға бағытталған түрлі іс-шаралар жүзеге асырылды. Өткен жылы оқу ордамызда 11-ден астам халықаралық іс-шара өтті. Түркі дүниесінен 800-ге жуық ғалым қатысты. Математиктер мен биологтар, тарихшылар мен археологтар бір ортаға тоғысты. Ал, бүгін инженерлермен кездесу тағы бір қуаныш сыйлады. Саммит аясында өтетін барлық жиынға сәттілік тілеймін!»,-деді.
Ал, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Ректорымыз айтқандай түрлі салалар бойынша іс-шаралар өткізіп келеміз. Бүгін, алғаш рет Инженерия бағытында үлкен жиын ұйымдастырдық. Түркі дүниесі ендігі кезекте инженерия және технология саласы бойынша да күш біріктіруі тиіс. Бұл – заман талабы. Университетіміздегі Инженерия факультетінің білім сапасын арттыру мақсатында жан-жақты жұмыстар атқарудамыз. Осы тұста, инженерия саласында үздік Түркиялық университеттермен де тәжірибе алмасып, білім алаңында басқосып тұрамыз.
ІІ Халықаралық Түркі дүниесінің инженерлер саммитінің өтуіне үлес қосқанымызға қуаныштымыз! Қожа Ахмет Ясауи университеті – түркі жұртшылығының «жүрегі» іспетті. Себебі, 1991 жылы іргесі қаланған Ясауи университетінің 90 мыңнан астам түлегі Түркі әлемінде түрлі мекемелерде қызмет етіп жүр!»,-деді.
«Айтулы саммитті алғаш рет Анкара қаласында 2024 жылы өткіздік. Бүгін қасиетті Түркістанда екінші жиынды өткізу біз үшін де үлкен бақыт! Осы тұста бізге қолдау көрсеткен Ясауи университетіне алғыс айтамын!
Конференциямызға арқау болған «Ғылым және технологиядағы жаңалықтар» тақырыбы аса маңызды. Жасанды интеллект, нанотехнология, жасыл энергия сынды кең алаңда түркі халықатарының инженер ғалымдары өз білімдерімен бөлісіп, ортақ жобаларға қол жеткізуі керек деп ойлаймын. Бүгін тек сөз тұрғысында емес, іс арқылы дәлелдеп, ортақ мүдде мен инженерия саласының болашағы үшін жұмыс істейміз деп сенемін!»,-деді Түрік инженерлер қауымдастығының төрағасы Яшар Йекебағжы.
Сонымен қатар, «Memur Sen» төрағасының орынбасары Хаджы Байрам Тонбул мен Түркия «Kamu-Sen» төрағасы Өндер Кахведжи өз ойларымен бөлісті.
Айта кетейік, саммит 15-мамырға дейін жалғасады. Іс-шара аясында пленарлық отырыстар, панельдік сессиялар, шеберлік сабақтар және стендтік таныстырылымдар ұйымдастырылады.