«ҚАЗАҚ ТІЛІ-ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ДӘСТҮР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ» СИМПОЗИУМЫ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

  • 02.03.2024
  • KZ

image

«Қазақ тілі-ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы өз мәресіне жетті. Симпозиумның алғышқы күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен пленарлық жиын өтсе, екінші күнінде әртүрлі ғылым бағыттары бойынша секциялық отырыстар ұйымдастырылды.

Жалпы саны – 6 секцияда филология, әлеуметтік, техникалық, жаратылыстану және журналистика салаларындағы қазақ тілі бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

Ғалымдар «Қазақ тілінің салалық линвистикасын дамытудың іргелі әдіснамалық негіздері», «Қазақ тілінде ғылым журналистикасын іске асырудың мүмкіндіктері мен бөгеттері», «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың ұлттық мазмұнын жаңартудың заманауи парадигмалары», «Жаратылыстану ғылымдарының ұлттық мазмұнын нығайту аспектілері», «Техникалық ғылымдардың ұлттық мазмұнын нығайтуда кадрлардың біліктілік сапасын арттыру», «Қазақ тілін оқыту: нәтижелі-өнімді инновациялық технологиялар» тақырыптары аясында баяндамалар қорғады.

Қазақ тілінің бүгінгі ахуалы мен ертеңі туралы терең ойлар қозғалған бұл жиындарға ф. ғ. д., профессор Кәрімбек Құрманәлиев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, Тіл Қазына Ұлттық ғылыми-практикалық орталық басшысы Мақпал Жұмабай, ф.ғ.д., профессор Шәкір Ыбраев бастаған еліміздің әр өңірінен келген оқытушы-профессорлар мен ғалымдар қатысты.

Әр секцияда бойынша спикерлер «Қазақ тілін дамытудың тиімді жолдары»; «Ғылымның ұлттық мазмұнын дамытудағы жаратылыстану ғылымдарының алатын орны мен маңызы»; «Жарнаманың тілдік ерекшелігі және ұлттық менталитетке әсері»; «Қазақ тіліне аударылған ғылыми еңбектердің қазіргі заманғы келбеті мен бағдарлары»; «Жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы қазақ тілінің қолданбалы сипатын арттыру»; «Қазақ терминологиясындағы эпонимдердің танымдық сипаты» және т.б. өзекті тақырыптарда баяндамалар оқыды.

Сондай-ақ, тіл маманы, филолог, «Калькасыз қазақ тілі» телеграм каналының авторы Назгүл Қожабек «Workshop: калькаға үйреніп кетуге бола ма?» тақырыбында шеберлік сағатын өтті.

Назгүл Қожабек қазақ тілін бұрмалап, өзге тілдің сөз тіркестері мен сөйлемдерін сол тілдің ережесін қолданып, сөйлем құрастырудың тілімізге тигізер зияны жөнінде ой қозғады.

«Әр тілдің өз болмысы мен құрылысы өзіне ғана тән құндылығы болады. Ал, басқа тілден қазақ тіліне аударуда өрескел қателіктер кетіп жатады. Қазіргі біздің міндетіміз – қазақ тілінің маманы ретінде, жалпы қазақ тілінде мәтін жазатын сала маманы ретінде тілімізді аударманың теріс әсерінен сақтау»,- деді.

Секциялық отырыстар соңында әр тақырып бойынша айтылған ұсыныстар талқыланды. Осылайша, қазақ тілін – ғылым тіліне айналдыруды мақсат еткен айтулы симпозиум аяқталды.