Түркістан –Түркі әлемінің астанасы

24 қаңтар күні Ахмет Ясауи университетінде, Өкілетті Кеңес төрағасы Мұса Йылдыз баспасөз конференциясын өткізіп, журналистермен кездесті.

Кездесу мақсаты – 2017 жылы Түркістан қаласын Түркі әлемінің мәдени астанасы етіп жариялануына байланысты облыстық және жергілікті тілшілерге сұхбат беру.

Профессор М.Йылдыз сұхбат басында 2016 жылы Қожа Ахмет Ясауи жылында атқарылған іс-шаралар төңірегінде баяндап берді. Сондай-ақ, 2017 жылдың Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жариялануына байланысты алдағы өтетін жоспарларға тоқталды: «Әзірбайжанның Шеки қаласында өткен ТҮРКСОЙ ұйымына мүше мемлекеттердің Мәдениет министрлерінің 34-ші тұрақты кеңесінде ТҮРКСОЙ-дың ресми шешімі бойынша Түркістан қаласы бүкіл Түркі әлемінің мәдени астанасы етіп жарияланды. Біз үшін бұл өте маңызды оқиға болды. 23 қаңтар күні осы мәселеге байланысты ОҚО-ның әкімі Ж.Түймебаев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Д.Қайсенов, Мәдениет және спорт министрінің Мәдениет және өнер істері жөніндегі департамент директорының м.а. А.Нұразханның қатысуымен Шымкент қаласында бас қосты. Жиында алдағы өтетін іс-шаралардың жоспары талқыланып, 3 жақты келісім шартқа қол қойылды. Әрине бұл өтетін іс-шаралардың көбісі Ахмет Ясауи университетінің атсалысуымен атқарылатын болады. Алғашқы шара 25 қаңтар күні Ахмет Ясауи университетінде «Тәуелсіз Қазақстанның өзгерістері мен даму жолдары» атты Халықаралық симпозиумнен бастау алады. Әрі қарай жыл бойы университетімізде конференция, симпозиум, конгресс, концерт, фестиваль, көрмелер тағысын-тағы жыл бойы шаралар жалғасын табатын болады. Түркістан қаласында осы Қожа Ахмет Ясауи ұлылығын, мұрасын таныта отырып, Қ.А.Ясауидің мәңгілік мекені Түркістан қаласының бұрынғы аты Яссы қаласын танытуға университет атынан қолымыздан келгенше қолдау көрсетіп, атсалысамыз. Сонымен қатар, университет Халықаралық түркі академиясымен бірлесе отырып «Tehlikedeki Diller» атты 4 томдық энциклопедия кітабын әзірлеп, жарыққа шығарғалы отыр»-деп, өз сөзін түйіндеді. Төраға атаған төрт томдық кітаптың тұсаукесері, 7 ақпан күні Астанада Халықаралық түркі академиясында өтетінін де жеткізді.

Кездесу барысында журналистер төрағаға сауалдар қойып, тұщымды жауапатарын алды. Профессор М.Йылдыз кездесуге арнайы келген БАҚ өкілдеріне өз алғысын білдіріп, сәттіліктер тіледі.

Г.Маманова,
Ақпарат орталығы.

Напишите свой вопрос

 

    ×