shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫН ЖАСТАРҒА ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ ӨТТІ

Бүгін университетімізде Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауын түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Іс-шараға әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов пен журналист, профессор Сейдулла Садықов және PhD, ғалым Алмас Құралбаев, студенттер мен докторанттар қатысты.

Жиын модераторы болған Еділ Төлегенов Президент жолдауы туралы кеңінен баяндады. Студенттерге жолдаудың мәні мен негізгі мақсатын түсіндірудің маңызын жеткізді.

Келесі кезекте сөз тізгінін алған Сейдулла Садықов:

«Бүгінгі басқосу біз үшін аса маңызды. Айтулы жолдау 9 бөліктен тұрады. Әр бөліктің алға қойған мақсаты мен міндеттерінің ауқымы кең. Көп жұмыс істеуді талап етеді.

 Жолдаудың тікелей білімге, оқу ордаларына байланысты 5-бөлімінде: «Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды» делінген.  Қай елде, қандай қоғамда болмасын кадр негізгі тұтқа болып табылады. Осы тұста, жоғары оқу орындарынан бөлек, колледждерде білім беру, кәсіби жұмысшы мамандықтары сынды мәселелерге ерекше назар аударылып отыр», - деді. Осылайша білімгерлерді болашақта мықты маман болуға, білім мен ғылым жолында, халыққа қызмет етуге шақырды. Сонымен қатар, алда өтетін референдум, Қазақстанда АЭС салудың қажеттілігі сияқты т.б өзекті тақырыптар жөнінде баяндады.

Ал, PhD, ғалым Алмас Құралбаев: «Президент халыққа жыл сайын жолдау жариялайды. Бірақ, жолдаудан бізге қандай міндет берілді, ары қарай оны қалай дамытамыз? Осы сауалдар маңызды. 

Жолдауда айтылған : инфрақұрылым, адам капиталы, АЭС салу, білім саласы болсын, мұның барлығына сіздер, жастар  жауаптысыздар. Біз өз жауапкершілігімізді дұрыс қабылдап, Президентімізге қолдау көрсетуге тиіспіз. Жолдауда айтылған мәселеге қосар үлесім қандай деген сауалға жауабымыз болуы керек»,-деді. 

Алмас Құралбаев қазіргі студенттің болашақ кадр ретінде, өз ісінің маманы болуының ел үшін маңызын саралады. Жолдауда айтылған білікті кадр даярлау міндетін түсіндірді. Әр маман өз ұлтына қызмет етуші, Жаңа Қазақстанды құрушы екенін баса айтты.

Жиын соңында қатысушылар өз пікілерін ортаға салып, сауалдарына жауап алды.