УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ ТҮРКІ ЕЛДЕРІНІҢ ӘЙЕЛ-КӘСІПКЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ IV ОТЫРЫСЫНА ҚАТЫСТЫ
Университет ректоры Жанар Темірбекова Астана қаласында Түркі мемлекеттерінің әйел-кәсіпкерлер кеңесінің IV отырысы және «Women Forward: Бизнес. Шағын технологиялар» форум-көрмесіне модератор ретінде қатысты.
Форумның мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған стратегиялық әріптестікті нығайту ,тәжірибе алмасу мен түркі мемлекеттері арасындағы халықаралық экономикалық байланыстарды дамыту. Сондай-ақ, олардың жаһандық экономикалық үдерістерге интеграциялануына ықпал ету.
Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің кәсіпкер-әйелдер делегациялары, сондай-ақ ТМҰ, Түркия сауда палаталары мен тауар биржалары одағының, Түркі инвестициялық қорының өкілдері қатысты. Айтулы шарада түрлі елдердің көшбасшылары, инвесторлары мен сарапшылары әйелдер кәсіпкерлігінің болашағын талқылау үшін басқосты.
Форумда заманауи технологиялар, қаржыландыруға қол жеткізу мүмкіндіктері, әрбір қатысушы субсидиялар мен халықаралық гранттар туралы біле алатын бағдарламалар, цифрлық трансформация, менторлық қолдау сияқты шағын және орта бизнеске жаңа серпін беретін ең өзекті тақырыптар талқыланды.
Ал көрме аясында шағын және креативті бизнеске арналған заманауи шешімдер ұсынылды. Қатысушылар цифрлық құралдар және шағын форматтағы жабдықтармен, қолөнершілік пен өндірістік бағыттағы тиімді технологиялармен танысты. Сондай-ақ, тамақ өндірісіне арналған жаңа әзірлемелер мен онлайн-сатуды арттыруға көмектесетін қызметтер көрсетілді. Бұл платформалар мен құралдар кәсіпкерлерге өз ісін оңтайландырып, нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейтуге нақты қолдау берді.