УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ГАРВАРД УНИВЕРСИТЕТІНЕ ҒЫЛЫМИ ІССАПАРМЕН БАРДЫ
Іссапар Ахмет Ясауи университеті, «Ғылым ордасы» РМК, Astana IT University және Гарвард университетінің консорциумдық келісімі негізінде жүзеге асты. Делегация құрамына Ғылым департаментінің директоры, PhD Х.Масадиков пен Назарбаев универсиетінің Әлеуметтану және антропология кафедрасының профессоры, PhD Ұлан Бигожин кірді.
Іссапардың негізгі мақсаты – Қазақстанның тарихи қолжазбаларын реестрлеу, ғылыми каталогтау және цифрландыру бойынша әлемдік тәжірибені зерделеу сондай-ақ, Гарвард университетінің және Дэвис орталығы ғалымдарымен тығыз байланыс орнату, жетекші сарапшылармен пікір алмасу және ғылыми мәселелерді талқылау, ортақ ғылыми іс-шаралар ұйымдастыру мәселесін талқылау.
Отандық зерттеушілер Гарвард университетінің жетекші мамандарымен кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Гарвард университеті Дэвис орталығының Орталық Азия бағдарламасының директоры Наргис Касенова мен Дэвис орталығының атқарушы директоры Крис Мартин, Өнер және ғылым факультеті Шығыс Азия тілдері және өркениеті кафедрасының Шағатай тілдерінің оқытушысы Гүлнар Эзиз Юлғун және Гарвард және Вайденер кітапханасының Таяу Шығыс жобасының сарапшысы Рысбек Алимовпен, сондай-ақ Хоутон кітапханасының қолжазбалар жөніндегі куратор орынбасары Кристин Джейкобсонмен мазмұнды пікір алмасу өтті. Бұл кездесулер ғылыми ынтымақтастық мүмкіндіктерін жан-жақты талқылауға жол ашты.
Ғалымдар Гарвард университетінің Хоутон, Виденер және басқа да орталық кітапханаларында жұмыс істеп, сирек қолжазбалар қорымен танысты. Каталогтау және цифрландыру үдерістерін зерттеді. HOLLIS жүйесі арқылы Орталық Азияға қатысты Ислам дереккөздерінің базасымен жұмыс жүргізді.
Ғылыми байланыстарды нығайту мақсатында бірлескен семинарлар, воркшоптар және ғылыми іс-шаралар өткізу, Шағатай тілін оқыту және қолжазбаларды зерттеу жөнінде жаңа серіктестік бағыттарын дамыту және Қазақстанға Гарвард ғалымдарының сапарын ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар, Гүлнар Эзиз Юлғун жоба аясында Шағатай тілінің онлайн сөздігін жасау бастамасын ұсынды. Бұл халықаралық деңгейде бірегей ғылыми өнім болмақ.
Іссапар университет ғалымдарына сирек қолжазбалармен жұмыс істеудің заманауи әдістерін меңгеруге, халықаралық ғылыми желіні кеңейтуге және жоба нәтижелерін жаңа деңгейде іске асыруға мүмкіндік берді.
Университетіміз алдағы уақытта да халықаралық ғылыми серіктестікті нығайтып, Қазақстанның тарихи және мәдени мұрасын зерттеу бағытындағы жұмыстарын кеңейте береді.