❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ СПОРТ САЛАСЫНА АРНАЛҒАН МАҢЫЗДЫ СЕМИНАР ӨТТІ

  • 17.12.2025
  • KZ
  • 52

image

Университетімізде Түркия Республикасынан Трабзон университеті, Спорт факультетінің деканы, профессор Фатих Бекташ семинар өтті. Ол оқу ордамыздың факультет декандары және орынбасарларымен кездесті.

 

Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Соңғы жылдары оқу ордамызға Қаратеңіз бойындағы университеттер көптеп қызығушылық танытып келеді. Сол себепті университетімізге сол ЖОО-ның ректорлары мен профессорлары жиі келеді. Біз, өз кезегімізде қызыққан жандарды оқу орда төрінде өзара білім мен тәжірибе алмасуға шақырамыз. Бүгін осы мақсатта Трабзон университетінен белгілі профессор Фатих Бекташ мырза келді»,-деді.

 

Келесі кезекте, Фатих Бекташ: «Қожа Ахмет Ясауи  бабамыз біздің рухани көшбасшымыз. Оның атындағы университетке арнайы келіп, сіздермен жолығу үлкен мәртебе! Бүгін мен тек өзімнің ғылыми тәжірибе көзіммен бөлісу үшін ғана келмедім. Сіздердің тәжірибелеріңізбен де алмасып, үйренуге келдім. Сонымен қатар, Трабзон университетінің  Спорт факультетінде ашылған орталықты тереңінен таныстырмақпын»,-деді.

 

Ол Трабзон университетінде спорт саласының өзекті мәселелері бойынша жүргізген зерттеуі туралы баяндады. Зерттеу нәтижесінде спортқа қаржылай қолдаудың аз болуы, талантты балаларды таңдаудағы қиындық, көпшіліктің спорт туралы ақпараттандырылмауы сынды 100-ге жуық мәселе анықталғанын жеткізді. Осы мәселелерді шешуге анналған ғылыми қадамдар жайлы тың ақпарат берді.  

 

Сондай-ақ, спикер «Трабзон университетінің Спорттағы Перформанс Бағалау және Таланттарды Іріктеу Қолданбалы-зерттеу орталығының» жұмысымен таныстырды. Бұл орталық спорт саласына бағытталған, спортшылардың физикалық-психологиялық көрсеткіштерін өлшеу, бағалау мен талдау арқылы таланттарды анықтау және бағыттау жұмысымен айналысады.

 

Орталықтың мақсаты – пәнаралық ғылыми және техникалық зерттеулер жүргізу арқылы спорттық өнімділікті бағалау мен таланттарды іріктеудің тиімді әдістерін әзірлеп, тәжірибеге енгізу. Орталық спортшылардың өнімділігін арттыруға, қоғамдық денсаулықты нығайтуға және спортты кеңінен насихаттауға үлес қоса отырып, табыс пен салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған зерттеулер, жобалар, басылымдар мен тренингтерді жүзеге асырады. 

 

Профессордың айтуынша мұнда спортшылардың физикалық, техникалық және функционалдық көрсеткіштері арнайы тесттер арқылы өлшеніп, нәтижелері ғылыми тұрғыда талданады. Сондай-ақ мектептер мен спорт клубтары деңгейінде талантты балаларды анықтап, оларды қабілетіне сай спорт түрлеріне бағыттау жұмыстары жүргізіледі.

 

Бұдан бөлек, орталық таланттарды іріктеу әдістерін жетілдіруге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырады және бағалау орталықтарының тиімділігін зерделейді. Сонымен қатар, жаттықтырушылар мен клубтарға арналған кеңес беру, тест нәтижелерін дұрыс түсіндіру және қолдану бойынша түрлі оқыту сабақтары мен тренингтер ұйымдастырады.

 

Фатих Бекташ  Трабзон университетінің Спорт факультетіне студент қабылдау талаптары мен сынақ қабылдау ережелері және оның ерекшеліктері жөнінде сөз қозғады. Егер, факультеттің жаңа әдістері мен студенттерді іріктеу тетіктері ұнаса, оқу ордамыздың білім беру жүйесінде пайдалануына болатынын тілге тиек етті.

 

Жиын соңында семинарға қатысушылар, тың ойы мен озық тәжірибелерімен бөліскен профессор Фатих Бекташқа алғыс білдірді.