❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ӨҢІРЛІК КАДРЛАРҒА ҚАЖЕТТІЛІК КАРТАЛАРЫН ӘЗІРЛЕУГЕ АРНАЛҒАН ФОРСАЙТ-СЕССИЯ ӨТТІ

  • 22.12.2025
  • KZ
  • 22

image

Университетімізде оқу ордамыз бен  Түркістан облысының Білім басқармасының ұйытқы болуымен Түркістан облысы бойынша Кадрлық қажеттіліктің өңірлік картасын әзірлеу жөніндегі форсайт-сессия өтті. Айтулы іс-шара Мемлекет басшысының «Жаңа кәсіптер мен дағдылар атласын әзірлеу» жөніндегі тапсырмасына және «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында арнайы ұйымдастырылды.

 

Басты мақсат – өңірдің кадрлық қажеттілігінің картасын қалыптастыру, 

кәсіби даярлау жүйесін жетілдіру және білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықты күшейту.

 

Жиын модераторы – ректор Жанар Темірбекова болды. Ол сөзінде: «Құрметті әріптестер, сіздерді университет қабырғасында қарсы алғанымызға қуаныштымыз! Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі іс-шарамыз бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан маңызды жобаның бір белесі. Сондықтан осы жоба аясында басқосып, форсайт-сессия ұйымдастыруды жөн санадық. Басты мәселе – өңіріміз үшін сапалы кадрларды даярлау. Жылдар бойы кадр даярлау бағытында маңызды жұмыстар атқарып жүрген оқу ордамыз осы бағытта министрлік пен «Аманат» партиясы және облыс әкімшілігінің жобаларына әрқашан қолдау көрсетеді»,-деді.

 

Келесі кезекте, іс-шараны ашып беру үшін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің видео-құттықтауы қойылды.

 

«Сіздерді өңірлік кадрларға қажеттілік карталарын әзірлеуге арналған форсайт-сессия жұмысының басталуымен шын жүректен құттықтап, маңызды іс-шараға қатысқандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз!

 

Кәсіби кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында адами капиталды дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту және кәсіптік білім берудің практикалық бағытын күшейту мәселелерін негізгі міндеттер ретінде айқындап берді. Осы тұрғыда «2025 – Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл кадрлық саясат мәселелерінің  ел экономикасының тұрақты дамуы үшін өзекті екенін көрсетеді.

 

Өңірлік кадларға қажеттілік картасын әзірлеу – білім беру жүйесі мен еңбек нарығы талаптарының  өзара сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық құрал. Бұл бағыттағы жұмысты тиімді жүргізу үшін жүйелі талдау, сұраныс динамикасын болжау, сондай-ақ бизнес, мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдары арасында тығыз ынтымақтастық қажет. Бүгінгі форсайт-сессия осы бағытта маңызы қадам боларына сенімдімін!»,-деді министр.

 

 

 «Аманат» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалима Жантөреева: «Бүгін біз көпті толғандырған, маңызды мәселені талқылауға жиналдық. Түркістанда болашақта қандай мамандықтар қалып, не жойылатынын талдап, пікір алмасыз деп ойлаймын. Біздің өңір – өндірістік, аграрлық, туризм әлеуі жоғары мекен. Әр өңірдің кадрлары туралы зерттеуі әртүрлі. Мақсатты кадр даярлау жүйесіне көшіп, дуалды оқытуды жолға қою керек. Мамандарға әлеуметтік қолдау мәселелерін қолға алып, тұрақтауына көмектесу шарт»,-деді. 

 

 

Жиында сондай-ақ, Түркістан облысы білім басқармасының басшысы м.а Ғалымжан Орынов пен  Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы «Мамандығым-болашағым» кеңсесінің басшысы Олжас Сәкенов өз ойларын бөлісіп, форсайт-сессия жұмысына сәттілік тіледі.

 

Форсайт-сессия жұмысы ауыл шаруашылығы, өңдеуші өнеркәсіп, туризм, білім беру бағыттарын қамтыды. Қатысушылар топтарға бөлініп, талқылаулар жүргізді.

 

 

Жиын  нәтижесінде аталған негізгі төрт бағыт аясында Түркістан облысы бойынша Кадрлық қажеттіліктің өңірлік картасы айқындалды.