ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ХИКМЕТТЕРІН ЖАТҚА АЙТУДАН САЙЫС ӨТТІ

  • 27.03.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде Ясауи апталығы аясында Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін жатқа айтудан сайыс өтті.

Сайыстың басты мақсаты – Ясауи тұлғасын таныту, мұрасын дәріптеу, хикметтердің тәрбиелік мәнін ұғындыру әрі студенттердің хикметтерді қаншалықты деңгейде игергендігін, зейін мен зерде қабілетін сынға салу.

Айтулы додада қазылар алқасының төрағасы – философия және теология ғылымдарының докторы, профессор, Теология факультетінің деканы Досай Кенжетай болды. Сондай-ақ, қазылар алқасы құрамын: тарих ғылымдарының кандидаты, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директор орынбасары Мұрат Тастанбеков, филология ғылымдарының кандидаты Бақыт Әпжеп, Теология факультетінің декан орынбасары, PhD Бауыржан Сайфунов құрады.

Хикметтерді жатқа айту сайысының ерекшелігі – студенттермен қатар, мектеп оқушылары да өз бақтарын сынады. 

Сайыс шарттары бойынша: 1. Байқауға қатысушыларды алдын-ала берілген хикметтерді қай деңгейде жаттағанын анықтау мақсатында сайысты жүргізуші хикметтен үзінді айтып, ары қарай оны жалғастырып әкету. 2. Жүргізуші келесі бір сайыскерге хикметті үзілген жерінен іліп алып, кідірмей жалғастырып кетуді сұрайды. 3. Жүргізуші осы тәртіпте сайыскерлерден хикметтерді рет-ретімен түгелдеуді басшылыққа алады. Осы арқылы сайыс сынында кідіріп, тоқтап қалған, хикметті ұмытып қалған, қателесіп хикмет ретінен жаңылған қатысушының алған балы анықталды. 

Жалпы саны – 60 хикметті жатқа айтып, сынға түскен қатысушылар өздерінің жаттау қабілеттерімен қатар, хикметтің мағынасын түсініп, рухани азық болар құнды дүние екенін ұғындырды.

Университет ректоры Жанар Темірбекова Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін жатқа айтып жарысқан барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді. Бұл сайыстың маңызы мен мәні туралы өз ойымен бөлісті. Сонымен қатар, жеңімпаз атанған білімгерлерді арнайы марапаттады.

Жарыс нәтижесі бойынша оқушылар арасынан бас жүлдені 9-сынып оқушысы – Кәусар Рахман жеңіп алды. Жеңімпазға университетіміздің Түрік квотасы берілді. Яғни, Кәусар Рахман мектепті аяқтаған соң, оқу ордамызда тегін оқуға мүмкіндік алды. Ал, 2-орынды Хантемір Оразбек, 3-орынды Несібелі Қасым иемденді.

Студенттер арасынан 1-орынды Салихабану Хавасханова қанжығасына байлады. 2-орынды Хасан Мәулен иемденсе, 3-орынға Нұрсат Әшен табан тіреді.