❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

ҚЫСҚЫ МЕКТЕП: ЖАРИЯЛАНЫМ СТРАТЕГИЯСЫ ЖӘНЕ ЖУРНАЛДЫ ТАҢДАУ ТЕХНИКАЛАРЫ

  • 19.01.2026
  • KZ
  • 28

image

Қысқы мектептің екінші аптасында ғылым саласы бойынша модульдер өз жұмысын бастады. Бүгінгі басқосу «Жарияланым стратегиясы және журналды таңдау техникалары» тақырыбына арналды.

Жиын модераторы – Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева болды.

Шараны ашып беру үшін сөз бастаған ректор өкілі м.а Нажи Генч:  «Құрметті әріптестер, Қысқы мектептің ғылымға арналған екінші аптасының ашылуымен құттықтаймын! Ғылым алаңына қатысты тың ақпараттар беретін айтулы жобаны өткізу жылдағы дәстүрге айналды. Мұндай іс-шаралар әлем университеттерінде енді-енді басталып жатыр. Барша ұйымдастырушыға алғыс айтамын. 

Университетімізде ғылыми жоба дайындау – оқу орда экономикасына, ғылыми әлеуетіне үлкен ықпалын тигізеді. Соңғы жылдары ғалымдарымыздың ғылыми жобалары биік белестерді бағындыруда. Осындай жиындарда білгенімізді бір-бірімізге үйретіп, тәжірибе алмасайық. Баршаңызға сәттілік тілеймін!»,-деді.

Вице-ректор Айнаш Ошибаева: «Қысқы мектеп жобасы аясында өтіп жатқан Ғылым апталығының басты мақсаты – университет ғалымдарының ғылыми белсенділігін арттыру, олардың зерттеу нәтижелерінің танымалдылығын кеңейту. Сондай-ақ, жарияланымдардың сілтеме алу көрсеткіштерін арттыру. Соның нәтижесінде зерттеушілердің Хирша индексін (h-index) көтеруге әдістемелік және практикалық қолдау көрсету. Әрі ғылыми этикалық мәселелерді талқылау, ғылыми жобаны әзірлеудің әдістемесін талдау арқылы оқытушы-профессор құрамы мен ғылыми қызметкерлерінің ғылыми-зерттеу құзыреттерін арттыру»,-деді.

Жиынның негізгі баяндамашысы, ректор өкілі м.а Нажи Генч «Дәйексөздер ғылыми әсердің көрсеткіші ретінде» тақырыбында жан-жақты ақпарат берді.

Спикер ғылыми еңбектердің бағалануы, дәйексөздердің зерттеуші беделін қалыптастырудағы рөлі және халықаралық ғылыми көрсеткіштердің маңызы туралы кеңінен баяндады.

Нажи Генч ғылыми мақаланың көрінуіне тікелей әсер ететін негізгі факторларға тоқталды. Атап айтқанда, мақала тақырыбы, аннотациясы мен түйінді сөздері зерттеудің халықаралық дерекқорларда табылуы мен дәйексөз алуына ықпал ететін басты элементтер екенін жеткізді.

Сондай-ақ, Scopus, Web of Science, Google Scholar секілді жетекші ғылыми базалар, журнал сапасын анықтайтын Impact Factor мен SJR көрсеткіштері, H-index, G-index және i10-index индекстерінің мәнін түсіндірді. 

Одан кейін, Ботаникалық Бақ ҒЗИ-ның профессор, зерттеушісі Әлібек Ыдырыс  «Журнал таңдау және мақаланы рәсімдеу, мақаланы журналға жіберу процесі» тақырыбында баяндама оқыды. Ол ғылыми мақалаларды жариялау үдерісінің негізгі қағидаттарын түсіндірді. Ғылыми жарияланымдардың зерттеушінің академиялық беделін қалыптастырудағы маңызына тоқталып, халықаралық ғылыми базалардағы (Scopus, Web of Science) журналдардың квартильдік жүйесі, Impact Factor ұғымы және журнал сапасын бағалау ерекшеліктері туралы жан-жақты мәлімет берді.

Сондай-ақ, журнал таңдауда кездесетін қауіптерге назар аударып, predatory және hijacked журналдардың белгілерін түсіндірді.Спикер Open Access және Closed Access журналдардың айырмашылығын атап өтіп, зерттеу тақырыбына сай журнал таңдаудың нақты алгоритмін ұсынды.