МАТЕМАТИКА ҒЫЛЫМЫНА ҚАТЫСТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Университетімізде Математика кафедрасының профессоры Батырхан Турметовтың 65 жасқа толған мерейтойы қарсаңында «Анализ бен дифференциалдық теңдеулердегі заманауи үрдістер» атты халықаралық математикалық конференция өтті. Іс-шараны Жаратылыстану ғылымдары факультеті мен Алматы қаласының «Математика және математикалық модельдеу институты» бірлесе ұйымдастырды.
Батырхан Турметов – математика ғылымының майталманы, белгілі ғалым. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор университетімізде 2005 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт аралығында көптеген шәкірт тәрбиелеп, білім көкжиегін кеңейтуге үлкен үлес қосты.
Конференцияның мақсаты – анализ бен дифференциалдық теңдеулер саласындағы заманауи мәселелерді талқылау,халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту. Сондай-ақ, жас ғалымдарды қолдау.
Жиынға отандық және Түркия, Ресей, Өзбекстан, Австралия, Бельгиядан келген шетел ғалымдар қатысты.
Іс-шараны ашып беру үшін сөз бастаған Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: «Бұл жиынның оқу ордамыз үшін орны ерекше. Себебі, бүгінгі конференция ғылыми жаңалықтар алаңы ғана емес, сонымен қатар осы қара шаңырақта ұзақ жылдар еңбек етіп, математика кафедрасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалым, профессор Батырхан Турметов 65 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Конференцияға алыс-жақыннан келген ғалымдарға алғыс айтамын. Конференция жұмысының барлық қатысушылары мен ұйымдастырушыларына жемісті жұмыс, сындарлы диалог пен сәттілік тілеймін!»,-деді.
Келесі кезекте, вице-ректор университет ректоры Жанар Темірбекова пен ректор өкілі м.а нажи Генчтің құттықтау тілегін жеткізді. Қазақтың асыл дәстүріне сай Батырхан Турметовтың иығына шапан жауып, сый-сияпаттар табыстады.
Математика және математикалық моделдеу институтының Бас директоры Махмуд Садыбеков:
«Бүгінгі конференцияның басты себепкері – біздің ардақты досымыз Батырхан Турметовты мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жиынға оң көзбен қарап, қолдау көрсеткен университет ұжымына алғыс білдіремін. Бастапқыда семинар ретінде өткіземіз деген жоспар болған. Алайда Қазақстанның математик ғалымдары естіп, қатысу ниеттерін жеткізді. Міне, солай үлкен конференцияға ұласты. Өзбектанның өзінен 20-ға жуық ғалым келіп отыр. Барша ғалымға ризашылығымызды білдіреміз!»,-деді.
Құттықтау тілектерден соң ғалымдар математика саласына қатысты тың тақырыптарды көтерді.
Екі күнге жалғасқан конференция 2-секция бойынша жұмыс істеді. Ғалымдар «Салмақ функциясы бар интегралдық геометрия есебiнiң дискреттi аналогтарының бағалаулары», «Инволюциялы түрлендiруi бар дифференциалдық теңдеудер үшiн шеттiк есептiң шешiмдiлiгi», «Лаплас теңдеуі үшін бейлокал есептердің Грин функциясын құру», «Деградациясы бар дифференциалдық теңдеу үшін функциялар кеңістігі және вариациялық есеп» сынды т.б тақырыптарда баяндама оқыды.
Халықаралық конференция математика ғылымындағы өзекті бағыттарды талқылайтын маңызды алаңға айналды. Іс-шара барысында ғалымдар өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен тың зерттеулерді ортаға салды. Осы арқылы жас зерттеушілер үшін кәсіби тұрғыда шыңдалуға мол мүмкіндік туды. Конференция жұмысы профессор Батырхан Турметовтың ғылым мен білім саласына сіңірген еңбегін лайықты дәріптеп қана қоймай, анализ бен дифференциалдық теңдеулер саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға серпін берді.