ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ХАТШЫ ОРЫНБАСАРЫ МЕРЕЙ МҰҚАЖАН СТУДЕНТТЕРМЕН СҰХБАТ ҚҰРДЫ
Университетімізге Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшы орынбасары Мерей Мұқажан келді. Құрметті қонақ, ең алдымен, Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу және Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегеновпен кездесті.
Келесі кезекте, Экономика және басқару ғылымдары факультетінің студенттерімен басқосты.
Жиында сөз бастаған Мерей Мұқажан студенттерге Түркі мемлекеттері ұйымының негізгі мақсат-міндеттері мен стратегиялық бағыттары туралы кеңінен мәлімет берді. Ол түркі елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайту, ортақ құндылықтарды дәріптеу және жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жас буынды адамгершілікке, отансүйгіштікке, бірлікке шақырды.
«Құрметті оқытушылар мен студенттер, қош көрдік! Рамазан айының қарсаңында өздеріңізбен кездескеніме қуаныштымын. Қожа Ахмет Ясауи университетінің Қазақстан мен Түркі әлемі үшін орны бөлек. Қолда бар алтынды қадірлей біліңіздер дегім келеді.
Адам өз болмысын сақтай білуі тиіс. Ата-ананың тәрбиесі мен тілеуі оған көп әсер етеді. Сондай-ақ, жастар, түркі әлемінің дәстүрі мен мәдениетін ұмытпай, дәріптеңіздер. Бұл құндылықтарымызды жоғалтпау керек. Сонда ғана аумалы-төкпелі заманда өз қалпымызды сақтап қала аламыз»,-деді.
Спикер өзінің өмірбаяны мен білім және қызметтегі даму жолы туралы ақпарат берді. 2023 жылдан бастап, ТМҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде экономика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сынды өзге де салалар бойынша жауапты атқарып жүрген қызметі жөнінде ой өрбітті. Студенттік кезеңі мен алға қойған арман-мақсаттары туралы баяндады.
Сондай-ақ, жастарды кітап оқып, шет тілдерді меңгеруге шақырды. Болашаққа деген нық қадамды студент шақтан бастаудың маңызын саралады. Талпынысы жоғары студенттің келешегі кемел екенін тілге тиек етті. Қазақстан білім алып, дамығысы келетін жастарға қолдау көрсете алатын бірегей ел екенін айтты. Осы тұста: «Мемлекетіміздің білім алаңында әлеуеті жоғары. Оны дұрыс пайдалану керек. Бірден дайын нәрсе болмайды. Сол үшін студенттер өздерін жетілдіріп, оқу үлгерімін көтеруі керек. Білім жолында үздіксіз ізденіс қажет»,-деді.
Магистратура, докторантураны шетелде оқу үшін ерте дайындық бастау керегін айтты. Тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін бойға сіңіру жөнінде кеңес берді.
«Оқыңыздар. Әр мамандықтың – ең мықты маманы болыңыздар. Өз ісінің үздігі болу маңызды. Адам өзі таңдаған мамандықты шын жүректен сүю керек. Ұнамаса бастамау керек. Ішкі дауысты тыңдап, шешім қабылдау адамға дұрыс жол көрсетеді»,-деді.
Сонымен қатар, жиында ТМҰ-ның белсенді жұмысын танытатын бейнеролик көрсетті. «Осы уақытқа дейін дербес түркі ұйымдары болған емес. Жылдар өте тарихи мүмкіндік туып, бөлек күшке айналдық. Түркі мемлекеттері ұйымы 58-ге жуық салада ынтымақтастық орнатты. Өрісіміз жылдан жылға кеңеюде. Мұның барлығы – азаматтарымыз емін еркін ел арасында жүрсін, ортақ күш болайық деген мақсат жолындағы жұмыстар. Қарапайым халық Түркі мемлекеттері ұйымынан қандай пайда көре алады және біз оларға қалай көмектесе аламыз деген сауал төңірегінде жұмыс істеп келеміз»,-деді.
Басқосу соңында студенттер өздерін толғандырған сауалдарын қойды. ТМҰ-ның жұмысына қызығушылық танытып, пікірлерін ортаға салды. Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшы орынбасары Мерей Саятұлына сүбелі сұхбаты үшін алғыстарын білдірді.