УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ОҚЫТУШЫЛАР МЕН ТҮЛЕКТЕР АРАСЫНДА ДОСТЫҚ ПІКІР САЙЫС ӨТТІ
Іс-шара университетіміздің Журналистика кафедрасына қарасты Медиа студияның ашылу салтанаты аясында ұйымдастырылды.
Пікір сайыстың негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, білім беру үдерісіндегі өзекті мәселелерді ортаға салу және еңбек нарығы талаптарына сай маман даярлау бағытында ой-пікір білдіру.
Жиын модераторы Журналистика кафедрасының оқытушысы, «Beine.pro» интернет журналының журналисі, «Отырар» телеарнасының журналисі әрі тележүргізушісі Жанерке Хумар болды.
Шараға университетіміздің түлектері – BAQ.KZ редакциясының меншікті тілшісі Ғалия Бисейіт, Журналист-редактор, медиамаман Жәнібек Нұрыш, «Түркістан ТВ» телеарнасының продюсері Назерке Әубәкір қатысып, кәсіби тәжірибелері мен көзқарастарын ортаға салды.
Сондай-ақ, кафедра оқытушылары Балзия Баешова, Әтіркүл Ташимова, Табира Бекмурзаева да пікірталасқа белсенді қатысып, бәсекеге қабілетті маман қалыптастыруда білім сапасы, тәжірибелік дағдылар, кәсіби жауапкершілік және шығармашылық қабілетті дамыту мәселелеріне тоқталды.
Шара барысында спикерлер мен студенттер ашық пікір алмасты. Қатысушылар шығармашылық емтихан талаптары мен мамандыққа іріктеу мәселелері төңірегінде де ой бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Сонымен қатар, «Заманауи медиа кеңістігі: журналистика және ЖИ мүмкіндіктері» тақырыбындағы Media Workshop аясында Qyzylorda телеарнасының директоры Нұрбек Амиша студенттерге қонақ дәріс өтті.