❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

8 НАУРЫЗ – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

  • 06.03.2026
  • KZ
  • 106

image

Университетімізде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті. Көктемнің шуақты мерекесіне арналған кеште әйелдер қауымы мен ару қыздарға құрмет көрсетілді.

Айтулы кеш «Атамекен» Ұлт аспаптар фольклорлық  ансамблінің орындауында  түркештің «Көңілашар» күйімен ашылды. 

Іс-шарада құттықтау сөз алған ректор Жанар Темірбекова: «Құрметті әріптестер, сүйікті студенттер, ардақты аналар мен қымбатты арулар! 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Бұл – ерекше мереке. Көктемнің алғашқы күндерінде барлығымызды керемет көңіл-күйге бөлейтін күн.

Әйел жоқ жерде жылу жоқ. Әйел жоқ болса, махаббат та жоқ. Ол жоқ жерде өмір жоқ. Сондықтан, біз әйелдерді осынау керемет мерекемен шын жүректен құттықтаймыз!»,-деді.

Салтанатты жиын арнайы концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде опера әншісі, университетіміздің түлегі әрі оқытушысы Оразкүл Даулетова халық әні «Сайраны» шырқап, ұлттық ән өнерін паш етті.

Кеште «Би сұлтан» би ансамблі «Сырлы қыз»,  «Қарлығаш»  билерімен  көрерменге ерекше әсер сыйлады. 

Сонымен қатар, өнерпаз жастар дәстүрлі әндер топтамасы мен түрік әндерін орындады. Осылайша ұлттық өнердің терең тамыры мен әуезді әуені кештің көркін ашты.

Ал, оқу орнымыздың өнерлі және белсенді жас жігіттерінен құралған вокалды инструменталды ансамблі – «Сол бір сезім», «Қолымнан ұста» және өзге де танымал әндерді орындап, көрермен қауымның қошеметіне бөленді.

Кеш соңында университетіміздің өнерпаздары ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Ана, сен бақыттысың» әнімен жүректерді елжіретті. Анаға деген құрмет пен мейірімге толы бұл туынды кештің мазмұнын айшықтады.

Өнер мен ізгі тілектер тоғысқан мерекелік кеш университетіміздің аруларына көтеріңкі көңіл-күй мен көктемнің жылы лебін сыйлады.