Университетіміздің қазақ күресінен спортшы жастары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Астана қаласындағы Назарбаев университетінде өтіп жатқан Студенттік спорт лигасында жеңімпаз атанды.
Айтулы спорттық додаға 54 жоғары оқу орынынан 700-ден аса студент қатысты. Жалпы саны 16 команда үстел теннисі, қазақ күресі, шахмат, тоғызқұмалақ, баскетбол (әйелдер және ерлер), жүзу, кикбоксинг, таеквондо спорт түрлерінен өзара бақ сынасып жатыр.
Бүгін қазақ күресінен жарыстар өз мәресіне жетті. Сайыс нәтижесі бойынша, оқу ордамыздың студенттері 3 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль иеленді. Бұл жетістік университетімізге жалпыкомандалық есепте І-ші орын алуға көмектесті.
Атап айтқанда, 60 келі салмақта өнер көрсеткен Розиман Тугушов және 74 келі салмақта белдескен Жұмажан Қожамбеков, 82 келі салмақ дәрежесінде жарысқа түскен Асылжан Кәрім жеңіс тұғырынан көрінді.
Ал 65 кг салмақта Асемай Рустемова мен 75 кг салмақ дәріжесінде Диана Мұхаметәлі ІІ орынды қанжығасына байлады.
Сондай-ақ, 75 келі салмақ дәрежесі бойынша Нурила Асанқызы және 66 келі бойынша Нұрдәулет Смедиев ІІІ орын иегері атанды.
Жеңімпаз атанған спортшыларымызды шын жүректен құттықтаймыз!