ҒАЛЫМДАРЫМЫЗ ТАЙВАНЬНАН ТАРИХИ ҚҰНДЫ МӘЛІМЕТТЕР ТАПТЫ

  • 21.06.2024
  • KZ

image

Оқу ордамызға қарасты Еуразия ғылыми-зерттеу инс­титуты мен Қазақстан Орталық мемлекеттік архивінің бір топ қызметкері «Орталық Азияның тарихи географиясы» ғылыми бағдарламасы мен «Архив-2025» мем­лекеттік жобасы аясында Тай­ваньға іссапармен барған болатын. Тайбей қаласындағы Гугун Ұлттық сарай музейі мен өзге де архивтерде жұмыс істеген ғалымдарымыз қазақ тарихында қалатын құнды мәліметтерді тапты.

Ғылыми іссапардың мақсаты – Тайваньның ұлттық музей және архив қорларынан қазақ тарихына қатысты тарихи деректер мен құжаттарды іздестіру, анықтау және электронды көшірмесін алу. Сон­дықтан да іссапарға барған топ мү­шелерінің қатарында шағатай, көне қы­тай, қы­тай және ағылшын, араб жазуын­­дағы қадым қазақ тілдерін жетік білген ғалымдар болды.

Зерттеушілеріміз барған Тай­бейде 5-6 бал­дық жер сілкінісі жиі орын алды. Ғалымдар оған қара­мас­тан, талмай еңбектеніп, еліміз үшін маңызды ғылыми ақпараттармен оралды. Олар Тайваньның ұлттық музей және архив қорларынан XVII-XIX ғасырлардағы қазақ даласының саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени тарихы туралы, яғни Қазақ хан­дығы мен Цин им­периясының қарым-қаты­насы, Қазақ елі шекарасының қалып­­тасуы, шекарадағы ру-тайпа­­лардың қо­ныстануы мен әр кезең­дегі көші-қон тарихына қатыс­ты бі­регей материалдар мен құжат­тарды тауып, электронды көшір­месін әкелді.

Ғалымдар Тайвань Сыртқы істер министрлігінің архивінен жұмыстарын бастады.  1861 жылы құрылған Цин әу­летінің Цунли Ямень кеңсесі (Сыртқы істер кеңсесі) кезінен бастау алатын Тайвань Сыртқы істер министрлігінің архивтерінде көптеген құнды тарихи құжат сақталған. Мұнда келісімшарттар мен ережелерді қамтыған 3000-нан астам архив ісі, 615 шекаралық және жергілікті жерлердің карталары, 180 000 томнан астам басқа да құжат бар. 

Аталған архивтен ұзақ уақыт бойы «қатаң құпия» мөрі басылған құжаттар ғылыми айналымға түспей, кейіннен Тай­вань Сыртқы істер министрлігі тарихи құжаттар архивін цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын Гугун музейіне тапсырған қорларынан араб әрпімен көне қазақ тілінде жазылған аса құнды бес құжат табылды. Олар: 

1) Қытай мен Ресей арасындағы мұсыл­­мандардың сауда және азаматтық істері туралы хаттамасы;

2) Қытай мен Ресей арасындағы Тар­бағатайдағы орыс көпестерінің сауда аймақтары туралы шарт;

3) Қытай мен Ресей арасындағы қа­зақтардың юрисдикциясы туралы шарт;

4) Қытай мен Ресей арасындағы Шәуе­шекті беру туралы келісім;

5) Қытай мен Ресей арасындағы Шәуе­шекте шекаралық тақталарды орнату туралы конвенция.

Бұл құжаттардың барлығы да XIX ға­сырдың 80-90 жылдарындағы Шәуешек келісіміне байланысты қазақтарға тікелей қатысты. 

Тайвань архивінен табылған осы құжат мазмұнынан сол кезеңдегі бөлініске түскен қазақ жерлерін мекен еткен қазақтармен екі үлкен империяның да санасқанын көруге болады. Құжаттың тілі қазіргі қазақ тілінен біраз ерекшелігі бар. Сондықтан  оны «көне қазақ тілі» деп атауды жөн көрген. Өйткені Абылай хан кезеңінен XX ғасырдың басына дейінгі қазақ құжаттары осы тілмен жазылып, дәстүрлі шағатай тілінен де ерекшеленіп, қазақ тілінің өзіндік фонетикалық және грамматикалық ерекшеліктері басым болды. Сонымен қатар, қолданылған парсы-араб кірме сөздері негізінен жоқтың қасы. Бір сөзбен айтқанда, бұл құжаттың қазақ тарихы мен қазақ жазба тілінің тарихында алатын орны ерекше.

Ғалымдар зерттеуінің нәтижесі болған бұл дүниелер қазақтың төл тарихын тани түсуге мүмкіндік берген – аса құнды еңбек деп танылуда. 

Айта кетейік, жақында ғана Еуразия ғылыми-зерттеу институты мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Орталық Азияның тарихи географиясы» атты Халықаралық конференциясы өткен болатын. Тайвань архивінен табылған құжат – осы жиынға қатысқан ғалымдарымыздың жетістігі. 

Тағы бір атап өтер жәйт, Тайваньға зерттеушілер  тобын бастаған проф.доктор Нұрлан Кенжеахметовке Сенат шешімімен университетіміздің «Құрметті профессор» атағы берілді. 

Ғалымдарымыздың тарихи жетістігі туралы толығырақ «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаладан оқи аласыздар: https://egemen.kz/article/366913-tayvannan-tabylghan-qundy-oldga