«ЯСАУИ  ТҮРКОЛОГИЯ ЖАЗ ОҚУЫ – 2024» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕР КЕЛДІ

  • 22.07.2024
  • KZ

image

Оқу ордамызға «Ясауи Түркология жаз оқуы – 2024» жобасы аясында Солтүстік Кипр мен Түркия Республикасынан 20-ға жуық студент пен оларға жауапты қызметкер арнайы келді. Жобаға Өкілетті Кеңес басқармасы мен Түрік Ынтымақтастық және Үйлестіру Агенттігінің (ТИКА) қолдау көрсетті.

Басты мақсат – университетіміз арқылы шетелдіктерге қазақ халқының мәдениеті мен салт дәстүрін таныту, түркі елдері жастарының ынтымақтастығын арттыру, елдер арасындағы өзара байланысты нығайту.

Шетелдік студенттерді Халықаралық байланыстар департаментінің қызметкерлері Шымкент қаласының әуежайынан күтіп алды. Келесі кезекте, студенттер қонақ үйге орналасты. Түркістан шаһарының мақтанышы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етті. Сонымен қатар, кешкісін ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Наджи Генчпен арнайы жайылған ақ дастарханда бас қосты. 

Ал, бүгін университетіміздің бас ғимаратында ректор Жанар Темірбекова және ректор өкілі Наджи Генчпен ресми жиында кездесті. Оқу орда басшысы келген қонақтарды түркі жастарының басын қосқан білім ордасында көргеніне қуанышты екенін жеткізді.  

«Кеше ғана біздің 40 студентіміз Түркияға жазғы мектепке барып келді. Чанаккаледен бастап, өзге де тарихи, әсем қалаларын аралады. Біз үшін студенттердің ауысыммен, бір-біріне қонаққа баруы, мәдениеті мен таризын тануы – маңызды үрдіс.

Сіздерді Түркістанда, оның ішінде университетімізде қарсы алғанымызға қуаныштымыз! Құрметті студенттер, сіздерге керемет демалыс тілеймін. Студенттік шақтың естен кетпес дәурені ретінде оқу ордамыздан ерекше әсер алып қайтасыздар деп сенеміз!»,-деді. 

Сонымен қатар, шетелдік студенттерге Қожа Ахмет Ясауидің өмір тарихы мен университет тарихын ұштастыра баяндады. Оқу орданың миссиялары мен принциптерін, білім беру мен студенттерге ұсынар мүмкіндіктері туралы да тілге тиек етті. 

Келесі кезекте, ректор өкілі Наджи Генч:

«Құрметті студенттер, университетімізге қош келдіңіздер! Осында өткізетін уақыт аралығында қазақ бауырларымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрімен танысасыздар. Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи бабамыз туралы да ізденіп, тыңдап, білім көкжиектеріңізде кеңейтіп, керемет жазғы демалыс уақытын өткізулелеріңізге тілектеспіз»,- деді.

Кездесу соңында қонақтарымыз университет басшылығына арнайы сый-сияпаттарын табыстап, құшақ жая қарсы алған оқу орда ұжымына ризашылықтарын білдірді. 

Айта кетейік, студенттер алдағы 10 күнде қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті мен дүниетанымы, сондай-ақ ұлттық тағамдарымен танысады. Оңтүстік өңірдегі аты аңызға айналған киелі мекендерге зиярат етіп, тарихын танымақ. Сондай-ақ, оқу ордамызда профессор-оқытушылардың конференцияларына қатысып, маңызды баяндамалар тыңдайды.