Бүгін оқу ордамызда Коммерцияландыру офисінің YASSAWI-инкубатор бағдарламасы аясында «Demo day» іс-шарасы өтті.
Негізгі мақсат – «YASAWI» бизнес инкубациялық бағдарлама курсының қатысушыларына өз стартап жобаларын қорғап, қорытынды жасау және оқу бағдарламасы барысында қол жеткізген нәтижелерін ұсынуына мүмкіндік беру. Сондай-ақ, стартаптар мен қатысушылардың идеяларын қолдауға мүдделі әлеуетті инвесторлар мен серіктестерді тарту үшін алаң ұсыну. Қатысушыларға әр сала өкілдері мен кәсіпкерлер және әлеуетті серіктестермен байланыс орнатуға мүмкіндік жасау.
Конкурс негізінде студенттер жалпы 12 жоба ұсынды. Топ бойынша қатысқан білімді жастар өз туындыларын кеңінен таныстырды. Жоба қатарында: сән саласындағы инновациялық қолданба, Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін білезік, Туристердің сапарын жеңілдетуге арналған бағдарлама, Қазақстан үшін қолданушыларға тауарлардың немесе қызметтердің қай жерде арзан екенін көруге мүмкіндік беретін қолданба сынды өзге де жобалар таныстырылды.
Сарапшылар қатарында Коммерцияландыру офисінің директоры А.Исаков пен Тұрақты даму ғылыми зерттеу орталығының директоры Т.Гаипов, Физика кафедрасының доценті, PhD доктор Ш. Раманкулов, PhD докторы, Қоғамдық денсаулық сақтау және ғылыми зертеу кафедрасының меңгерушісі Б.Омарова және өзге де мамандар бар.
Сарапшылар барлық жобаны тыңдап, өздерін қызықтырған сауалдарына жауап алды.
Жиын соңында үздік жоба авторлары арнайы марапатталды. Конкурс нәтижесінде 1-орынды «TurMed» жобасын дайындаған Умиджон Арипов пен Мейрбан Мукадыр жеңіп алды. Айтулы мобильді қосымша – кез-келген уақытта, кез-келген жерде қол жетімді, сенімді медициналық көмекші. Бұл пайдаланушыларға ауруларды емдеу және алдын алу туралы кең білім базасын ұсынатын қосымша. Ал, 2-орынды «Unreal» стартабымен Мизәл Хинизов пен Ислам Абдулахадов иеленді. Студенттер «Қазақ Хандығы» атты Unreal Engine негізінде жасалатын тарихи-танымдық ойынды әзірлеген. Маида Сарсенбай «MotionTouch» аталатын, заманауи құрылғы және фильтрация жүйесімен жабдықталған бөтелке дайындап, 3-орынға табан тіреді.