«ӘРҚАЙСЫМЫЗ - СТРАТЕГИЯНЫҢ БІР БӨЛІГІ» АТТЫ ТРЕНИНГ ӨТТІ
Айтулы тренинг әр аптаның сейсенбі күні корпоративтік таңғы ас форматында өтетін декандар, департамент басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, декан орынбасарлары мен кафедра меңгерушілеріне арналған біліктілікті арттыру және команда құру бағытындағы кездесулер аясында ұйымдастырылды. Жиын спикері – Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева болды.
Тренингтің мақсаты – әр қызметкердің университеттің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырудағы жеке үлесін көруге көмектесу.
Айнаш Ошибаева «Стратегиялық ойлау дегеніміз не?» деген сауалға жан-жақты жауаптар қарастырды. Сол арқылы стратегиялық ойлаудың 4 негізгі элементі: жүйелілік, болжам жасау, басымдықтар мен икемділік жайлы тың ақпарат берді. «Стратегиялық тұрғыда ойлайтын адам тек не болып жатқанын ғана емес, сонымен қатар неге және қайда апаратынын да көреді»,-деді өз сөзінде.
Шара барысында қатысушылар 8 топқа бөлініп, түрлі қызықты ойындар ойнады. «Стратегия пазлы» ойынында жай топқа емес, білім, ғылым, халықаралық ынтымақтастық, цифрландыру, қаржы сынды т.б бағыттарға бөлінді. Осылайша қатысушылар: «Біздің стратегиядағы жауапкершілік аймағымыз қандай?», «Біздің бөлім басқаларға қалай көмектеседі?», «Біз не істейміз және ол университет миссиясын қалай қолдайды?», «Қандай жетістіктеріміз стратегиямен тікелей байланысты?» деген сауалдарға жауап берді.
Келесі кезекте қатысушылар «Кері ми шабуылы» ойыны арқылы стратегияны іске асырудағы кедергілерді түсіну мен оларды жою жолдарын қарастырды.
Тренинг соңында қатысушылар өз бөлімдерінің рөлін нақты көріп, бір-бірімен тиімді әрекеттесудің жаңа жолдарын үйренді. Командалық ойындар мен талқылаулар қызметкерлердің қызығушылығын арттырды. Осындай пайдалы ақпараттарға толы тренингтер алдағы уақытта да жалғасады.