shape
shape

Жаңалықтар

Blog Image

КЛИНИКА-ДИАГНОСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА

Университетіміздің Клиника-диагностикалық орталығы 2024 жыл қорытындысы бойынша есеп берді. 

Клиника-диагностикалық орталығы үшін ең қуанышты жаңалықтардың көші жаңа құрал-жабдықтар, аппараттар және жиһаздардың сатып алынуымен басталды.

Клиникаға 2024 жылдың алғашқы 10 айында құны – 46 миллион 69 мың тенгені құрайтын негізгі құралдар сатып алынды.

Жабдықтардың қатарында – клиникаға  антенатальды бақылау үшін нақты өлшемдерді жасай алатын жаңа Sonascape брендінің «Эксперт класс» ультрадыбыстық аппараты бар. Жаңа әрі жетілдірілген УДЗ кабинеті пайдалануға берілді. Аппаратты  пайдаланатын дәрігерлер мен  қызметкерлерге қажетті оқыту жұмыстары  жүргізілді. Антенаталдық және нейросонографиялық қызметтер көрсетіле бастады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы алғашқы бейне ЭЭГ бақылау зертханасы қажетті аппараттар және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету нәтижесінде пайдалануға берілді. Қызметкерлерге қажетті оқыту жүргізілсе де, онлайн оқыту және кеңес беру қызметтері жалғасуда.

Ал, Өкілетті Кеңес қолдауымен гастроэнторологиялық науқастарды диагностикалауға және емдеуге арналған эндоскопиялық (гастро-колоноскопиялық) құрылғы алынды.

Жаңа құрылғылар көмегімен клиниканың науқастарға көмек көрсетіп, емдеу шараларын жүргізу әлеуеті арта түсті. Оның дәлелі – биохимия зертханасының қарқынды жұмысы. Зертханаға 2023 жылдың мамыр айында  лицензия мен жаңа құрылғылар алынды. Былтыр да жаңа құрылғылар қатарға қосылды. 2024  жылдың қазан айынан бастап зертхана жақын маңдағы ауруханаларға қызмет көрсете бастады.

Инсульт кезінде адам өмірін сақтап қалуға болатын өте маңызды, шұғыл жасалатын тромбектомия  процедурасы бұрын тек Шымкент қаласында жасалып келген. Ал былтырдан бастап Клиника-диагностикалық орталығында да тромбектомия процедурасы   24/7 тәулік  бойы  жүргізіле бастады. 

Осылайша, клиниканың  инсульт орталығы мен интервенциялық нейрохирургия бөлімшесі заманауи орталықтарда жасалатын барлық процедураларды орындау мүмкіндігіне ие болды.

2024 жыл клиника үшін жемісті жыл болғаны рас. Клиникамыз  жаңа статусқа ие болып – «Республикалық денсаулық сақтау мекемесі» атанды. Сондай-ақ, статуспен қатар, қосымша бюджет алуға құқылы болды.

Айта кетейік, беделді мекемелерге берілетін бұл  статус Түркістан облысы бойынша  тек  Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Клиника-диагностикалық орталығына берілді.