«АҚ ҚАЛПАҚ» МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

  • 04.03.2024 15:00
  • Мәдениет орталығы

image

Бүгін университетімізде білім алып жатқан бауырлас қырғыз елінің студенттерінің ұйымдастыруымен «Ақ қалпақ» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Мерекелік кешке келген көрермендерге қырғыз жастары ақ дастарханнан дәм ұсынып, қонақжайлықпен қарсы алды.

Айта кетейік, бұл мереке қырғыз елінде ресми түрде 2016 жылы 5 наурыз күні бекітіліп, 2019 жылдан бері тойланып келеді.

Кешті ашып беру үшін алғашқы сөз тізгінін алған ректор өкілі Пейами Баттал айтулы мерекемен құттықтады.

«Ақ қалпақ күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ақ қалпақ тек ерлердің бас киімі емес – Қырғызстан мәдениетінің бөлігі, ұлттың тарихи мирасы. Осындай атаулы мерекелер баршамыз үшін маңызды болуы тиіс. Әрбір азамат өзінің тілі мен дәстүрін, мәдениетін сақтап, дәріптеуі керек», -деді ректор өкілі.

Келесі кезекте, университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев та қырғыз халқын Ақ қалпақ мерекесімен құттықтады. Қырғыз бен қазақ бір туған, тарихы тамырлас, бауырлас мемлекеттер екенін айтты.

Қырғызстан студенттерінің көшбасшысы Нурдин Абдыллаев құттықтау лебізін білдіріп, ректор өкілі Пейами Баттал мен әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаевқа қырғыз халқының ұлттық аспаптарын сыйға тартты.

Мерекелік кеш көңілді концерттік бағдарламамен жалғасты. Қырғыз халқының дәстүрлі эпосы «Манас» жырланып, ұлттық аспаптарында күй шертіліп, қырғыз тілінде дәстүрлі әндер шырқалды. Сахна төрінде мың бұралған бишілер би билесе, жастар рухты өлең жолдарын оқыды. Ақ қалпақтың атадан балаға аманат болған, асыл мұра екені айтылды. Әрі, әр ердің өз жасына лайық киетін Ақ қалпақтың түрлері мен мағынасы таныстырылды. Сонымен қатар, көрермендерге қырғыз халқына байланысты сұрақтар қойылып, сый-сияпаттар берілді.

Кеш соңында – «Алға, Қырғызстан» әні шырқалып, қалың көрермен ду қол шапалағын аямады. Бұл кеш тек қырғыз жұртшылығының мерекесін ғана емес, түркі тілдес ұлттар арасындағы мызғымас достық пен кең пейілдің бейнесін көрсетті.