❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

САПА – УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ӨЗЕГІ

  • 13.11.2025
  • KZ
  • 46

image

Сапа күні жыл сайын қараша айының екінші бейсенбісінде атап өтіледі. 2025 жылы бұл күн 13 қарашаға сәйкес келеді. Бұл күн ұйымдар мен қоғамның тұрақты дамуы үшін сапа мәдениетінің маңыздылығын айқындау мақсатында белгіленген. Сапа техникалық рәсім немесе бақылау кезеңі ғана емес, ол тұрақтылықтың, сенімнің, ашықтықтың және кәсіби жауапкершіліктің негізі.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті үшін бұл күн ерекше мәнге ие, өйткені университеттің сапаны басқару жүйесі оқу ордасы құрылған күннен бастап үздіксіз дамып келе жатыр. Оқу ордамыз 2006 жылдан бері Халықаралық ISO стандарттары бойынша тұрақты түрде сертификатталып келеді. Сертификацияны Түркияның ұлттық стандарттау органы саналатын, IQNet Халықаралық желісінің мүшесі және Түркияның Аккредиттеу агенттігі (TÜRKAK) тарапынан аккредиттелген Түрік Стандарттары институты (TSE) жүргізеді.

2025 жылдың мамыр айында университет ISO 9001:2015 стандарты бойынша кезекті ресертификациядан сәтті өтіп, сапаны басқару жүйесінің кемелдігі мен тұрақтылығы ресми түрде расталды.

Бүгінгі таңда университетіміз үшін сапа – бұл басқарудың тиімділігі мен ашықтығы және жүйелі түрде нәтижеге қол жеткізу қабілеті. Сапа уақытша науқандармен немесе бір реттік бастамалармен шектелмейді. Ол басқарушылық шешімдердің кемелдігін және процестердің тұрақтылығын көрсетеді. Осындай тәсіл университетке стратегиялық тұтастығын сақтап, сенімді әрі үйлесімді дамуға мүмкіндік береді. 

Университет стратегиялық мақсаттардың қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іс-қимылдар мен өлшенетін нәтижелерге айналуын қамтамасыз ететін тұтас басқару моделін қалыптастырып отыр. 2024–2029 жылдарға арналған Даму бағдарламасы Сенаттан бастап кафедраларға дейінгі барлық деңгейлерде мақсаттардың өзара сәйкестігін қамтамасыз ететін негізгі бағдарға айналды. Өткізілген стратегиялық сессиялар факультеттерге өз даму бағыттарын университеттің жалпы стратегиялық траекториясымен ұштастыруға мүмкіндік берді.

Апта сайын өтетін «Ясауи сейсенбісі» басқарушылық талқылау форматы шешімдерді тұрақты бағалау, талдау және қажет болған жағдайда түзету тәжірибесін орнықтырды. Нәтижесінде басқарушылық мәдениет болжамды, келісімді және әрекетке бағытталған сипатқа ие болып, қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етуде.

Кадрлық саясат ашықтық пен кәсіби дамуға негізделген. Профессор-оқытушылар құрамының ішкі рейтинг жүйесі тиімді тәжірибелерді анықтауға және университет ішінде кәсіби көшбасшылар қауымдастығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Академиялық және зерттеу үздік орталығының құрылуы білім беру, ғылыми-зерттеу қызметі және инфрақұрылым арасындағы байланысты нығайтты. Бұл университеттің дамуын біртұтас, өзара толықтыратын бағытта жүзеге асыруға жағдай жасайды.

Университет өңірлік құзыреттер орталығы ретіндегі өз мәртебесін сақтап келеді. 2024–2025 жылдары медицина саласы мамандарына арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары іске асырылып, өңірдің кәсіби қауымдастықтарын қолдау жалғасты. «Yasawi Startup» стартап-экожүйесінің дамуы университеттің ғылыми және кәсіпкерлік әлеуетін кеңейтіп, жаңа идеялардың өңірлік экономикаға енуіне мүмкіндік беруде. Бұл аймақтың әлеуметтік, ғылыми және экономикалық инфрақұрылымымен өзара байланысты күшейте түседі.

Университетіміздегі  сапа, бұл жеке жоба немесе формалдық талаптар жиынтығы емес. Бұл – жауапкершілікке, процестердің реттілігіне, кадрлардың кәсіби өсуіне және мақсаттар мен нәтижелердің өзара сәйкестігіне негізделген басқару мәдениеті. Мұндай модель университеттің тұрақтылығын, дамудың орнықтылығын және халықаралық академиялық кеңістіктегі сенімді орнын қамтамасыз етеді. 

Бұл күн бізге сапа мәдениетінің құжаттармен немесе есеппен шектелмейтінін еске салады. Бұл ойлау және жұмыс істеу тәсілі. Біз университет қызметкерлеріне талапшылдығы, кәсіби адалдығы және күнделікті еңбегі үшін алғыс білдіреміз! Осының арқасында университет сенімді дамып, өзінің академиялық беделін нығайтуда.