«БИ-СҰЛТАН» БИ АНСАМБЛІ ҮНДІСТАНҒА ШАҚЫРТУ АЛДЫ
«Би-Cұлтан» – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің шешімімен «Халықтық» атағына ие болған би ансамблі. Талай халықаралық және республикалық өнер сайыстарында топ жарып жүрген оқу ордамыздың мақтанышы!
Үндістанның «Оңтүстік» мәдени-жастар қайырымдылық клубы «Би-Сұлтан» би ансамблін арнайы шақырды. Басты мақсат – қос мемлекеттің өнері мен мәдениетін таныту, бишілердің өзара тәжірибе алмасып, қойылымдарда бір сахнада өнер көрсетулеріне ықпал ету.
Айта кетейік, Үндістандық клуб мүшелері қыркүйек айында Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының мәдени бөліміне қатысқан. Астана мен Алматыда концерттер беріп, сондай-ақ қазақстандық әртістер үшін үнді билері бойынша шеберлік сыныптарын өткізді. Осыдан кейін, үнді әртістерінің қойылымдарына, Үндістан мен Қазақстан арасындағы әртістердің тәжірибе алмасуына жәрдемдесу мақсатында «Би-Сұлтан» би ансамблін қонақ ретінде шақырды.
Өнерлі студенттеріміз 18-28 қаңтар аралығында Үндістанның Чандигарх, САС-Нагар, Лудхиана, Джаландхар және Шимлада қалаларында өнер көрсетуде. Үндістандық көрермен қазақ өнері мен мәдениетіне тәнті болып жатқанын үнді баспасөздері жарыса жазып жатыр.
Мың бұралған бишілерімізге сәттілік тілейміз!