Ректор Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» төсбелгісімен марапатталды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ Қазақстандағы көпұлтты университеттердің бірегейі болып табылады. Осы орайда, халықаралық университет ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясымен (ҚХА) тығыз байланыс орнату маңызды.

21 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) төрағасының орынбасары, ҚР Президенті әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев және Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Серікбайұлы Абдрасилов кездесті.

Маңызды жүздесу барысында университетте Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасын құру, қоғамдық келісім кеңесін құру және ғалымдардың ҚХА ғылыми сараптамалық кеңесіне мүше болуы секілді маңызды мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ, кездесуде ХҚТУ және ҚХА бірлесе отырып Түркістанның Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде жандануына үлес қосу, маңызды жобалар жасау мәселесі де сөз болды. Атап айтқанда, Түркістан кітапханасы, Ұлы дала музейі және Түркі әлемі музейінің жобаларын жасауға, контентін анықтауға университет мамандарын жұмылдыру  жоспары бар.

Кездесуде Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов Қазақстан халқы Ассамблеясының «МЕЙІРІМ» төсбелгісімен марапатталды.