«Бір жүрек – бір үміт»: Мейірімге толы бір күн
Теология факультетінің ұйымдастыруымен, 2025–2026 оқу жылына арналған тәрбие жұмысы жоспары аясында факультеттің Студенттік деканаты №7 арнайы мектеп-интернаты базасында «Бір жүрек – бір үміт» атты қайырымдылық акциясын өткізді.
Аталған игі шара факультеттің Студенттік деканы Сәрсенбай Сәттіғұлдың үйлестіруімен жүзеге асып, факультетіміздің 13 белсенді студенті балақайларға ерекше қуаныш сыйлады.
Кеш студенттердің концерттік бағдарламасымен басталып, әсем ән, мың бұралған би, күмбірлеген күй және әсерлі сахналық қойылымдар арқылы жалғасын тапты. Студенттердің өнері оқушылардың жүрегінен орын тауып қана қоймай, олардың өздерін де шабыттандырды. Нәтижесінде оқушылар сахнаға шығып, ән айтып, би билеп, өз таланттарын паш етті.
Бұл қайырымдылық кеші барша қатысушыларды мейірім мен жылылыққа бөлеп, жүректерге үміт сыйлаған ерекше сәттерге толы болды.
Шара аясында студенттер тарапынан мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне тәттілер, балмұздақ және қажетті заттар табысталды.
Іс-шара соңында мектеп ұжымы Теология факультетінің студенттеріне шынайы алғысын білдіріп, «Бір жүрек – бір үміт» акциясының маңыздылығын ерекше атап өтті.