2026 жылдың 2 ақпаны күні Пәкістан астанасы Исламабад қаласындағы Халықаралық ислам университетінің (IIUI) жанындағы Ислам ғылыми-зерттеу институтында Орталық Азиядағы исламдық ой, мәдениет және өркениетті зерттеуге арналған Ясауи ғылыми-зерттеу орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Орталықтың ашылуына Пәкістанның Федералдық білім және кәсіби даярлық министрі доктор Халид Макбул Сиддики мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы қатысып, рәсімді бірлесіп өткізді.
Доктор Халид Макбул Сиддики жаңа орталық мұсылман әлемі үшін іргелі ғылыми дәстүрлер қалыптастыратын маңызды алаңға айналып, исламдық зияткерлік мұраны ілгерілетуге, академиялық зерттеулерді дамытуға және Пәкістан мен Орталық Азия ғалымдарының өзара ықпалдастығын арттыруға серпін беретініне сенім білдірді. Өз сөзінде Саясат Нұрбек мырза мұсылман әлемінде ғылыми әрі зияткерлік жаңғырудың қажеттілігіне тоқталып, Қазақстанның поэзия, сауда, мәдениет және қоғамдық өмірдің өзге де маңызды салаларын қамтитын жаңа мұсылман ренессансына үлес қосуға ниетті екенін атап өтті. Ол жаһандық геосаяси ахуалдың жылдам өзгеріп жатқанын айтып, экономикалық және стратегиялық құрылымдарды қайта пайымдау қажеттігін жеткізді. Министр Орталық Азияның тарихи және қазіргі маңызын ерекше атап өтіп, аймақтың мұсылман әлемімен бірлесе отырып ортақ болашақты қалыптастыруда әлеуеті жоғары екенін айтты.
Халықаралық ислам университетінің Ғылым және инновациялар жөніндегі вице-президенті профессор Ахмед Шуджа Сайед "Ясауи" орталығы тек академиялық құрылым ғана емес, сонымен қатар Пәкістан мен Қазақстанды байланыстыратын терең тарихи әрі өркениеттік қатынастардың символы екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл бастама екі елдің академиялық дипломатияны, мәдени диалогты және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын көрсетеді. Ислам ғылыми-зерттеу институтының бас директоры профессор Мұхаммад Акрам орталықтың миссиясы, стратегиялық мақсаттары мен негізгі құндылықтарын таныстырып, оның исламдық ой мен Орталық Азия өркениетін зерттеудегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ Наровал университетінің вице-канцлері, Ислам ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы бас директоры доктор, профессор Мұхаммад Зия-ул-Хақ орталықтың құрылу тарихы мен оны іске қосу жолындағы атқарылған жұмыстарға тоқталып, Пәкістан мен Қазақстан үкіметтеріне қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Іс-шараға Қазақстанның Пәкістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафин, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Амангелдіқызы, Пәкістан Білім министрлігінің өкілдері, ғалымдар, зерттеушілер және зиялы қауым өкілдері қатысты. Ясауи ғылыми-зерттеу орталығының ашылуы – Қазақстан мен Пәкістан арасындағы ғылыми-мәдени байланысты жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Бұл орталық халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейтіп, түркі-ислам өркениетінің рухани мұрасын әлемдік деңгейде танытуға қызмет ететін болады.